Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Газдандыру: Халықтың сұранысы өсіп келеді

Газдандыру: Халықтың сұранысы өсіп келеді

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетовтің ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Р.Склярға жолдаған депутаттық сауалы ұсынылып отыр.
Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы: «Жалпы газ саласын дамыту елдің орнықты әлеуметтік-экономикалық өрлеуінің негізгі факторына айналып келеді» – деді.
2024 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасының газдандыру деңгейі халық санымен 61,8% болғанымен, 6386 елді мекеннің 1846-сы ғана табиғи газдың игілігін көруде. Мысалы, Қызылорда облысында 236 елді мекеннің 38-сі, Түркістан облысында 831 елді мекеннің 477-сі, Жамбыл облысында 371 елді мекеннің 277-сі, Алматы облысында 384 елді мекеннің 157-сі, Жетісу облысында 358 елді мекеннің 65-і газдандырылған.
Десе де, шешімі табылмаған мәселелер жетеді. Еліміздің 5 өңірінде газдандыру деңгейі 20%-дан аз. Ақмола облысында – 5,7%, Қарағанды облысы – 3,4 %, Ұлытау облысы – 3,5%, ШҚО-3,2 %, Астана қаласы – 14,3% құрайды. Арғыны қойып, соңғы 50 жыл бойы «көгілдір отын» арман болған қаракөз халқымыз бар. Халықпен кездесуде газы жоқ ауыл «біздің ауылға газ қашан келеді?» деген сұрақпен Үкіметке үлкен сәлемдемесін жылда жолдайды.
Былтыр депутаттардың тікелей араласуымен газдандыру үшін республикалық бюджеттен 88,7 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылға 55 жобаға (16 жалғасып жатқан, 29 жаңа жоба) 65 млрд теңге көзделген. Бұл қаражат теңізге тамшы құйғанмен тең. Бөлінген қаржымен бұрыннан келе жатқан жобалардың жыртығын жамайды.
Өзіңізге мәлім, Президенттің әлемдік деңгейде абырой-беделі мен ұтымды саясатының арқасында елге триллиондаған инвестиция тартылып жатыр. Солардың бірі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» газ құбырының 2-ші желісі. Жоба құны шамамен – 3,1 трлн теңге. Бұл Қазақстанның тәуелсіздік алғаннан бергі ең ірі инфрақұрылымдық жобаларының бірі.
Жоба арқылы Астана, Алматы, Шымкент қалалары және Қызылорда, Қарағанды, Түркістан, Жамбыл, Ұлытау, Алматы облыстарын газбен қамтамасыз етуге болады. Сондай-ақ көптеген жұмыс орындары ашылады. Бұл жоба «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасында көзделген.
Еліміздің әр ауылына газ келіп, мұқым жұрт мәз болатын күн туатынына сенеміз. Осы ретте, Үкімет елді мекендерді газдандыру жұмыстарын әрі қарай жандандыру қажет. Сондықтан, келесі мәселелерді қарастыруыңызды сұраймыз.
Бірінші – елдің инфраструктурасын дамыту үшін жыл сайын газдандыру жобаларына барлық қаражат көздерінен (бюджеттен, Самұрық-Қазына, Қазақгаз) кем дегенде 400 млрд теңге қаржы қарастыру. Жаңа жобаларды алға тарту.
Екінші – Президент тапсырмасына сәйкес «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырының 2-ші желісінің құрылысын тездетіп бастауымыз қажет. Өйткені жыл сайын халықтың газ тұтынуы артып келеді.
Үшінші, «Бейнеу-Бозой-Шымкент» жобасының жалғасы ретінде, «Қызылорда-Астана-Көкшетау-Петропавл», «Ақтөбе-Қостанай» және «Талдықорған-Үшарал» магистральдық газ құбыры жобаларын қолға алып, қаржы механизмдерін қарастырған жөн.
Депутаттық сауалға заңда белгіленген мерзімде жауап беруіңізді сұраймыз.
М.Жайымбетов,
М.Ескендіров,
Е.Жаңбыршин,
С.Мұсабаев,
Қ.Балабиев,
«AMANAT» партиясы фракциясының депутаттары
04 ақпан 2025 ж. 77 0