Арал өңірінің экологиялық мәселелері халықаралық сарапшылардың назарында
![](/uploads/posts/2025-02/medium/1739421959_8.jpg)
Кездесуге Ресей ғылым академиясының Зоология институтының ғалымы Аладин Николай Васильевич, Нагоя университетінің халықаралық қатынастар саласындағы зерттеушісі Чида Тецуро, ҚР Ұлттық Ғылым Академиясы Зоология институтының ғылыми қызметкері Талғарбай Қонысбаев, «Тоттори» университетінің (Жапония) профессоры Дзиро Иида және Қазақстандағы Жапон елшілігінің өкілі Комия Шимион қатысты.
Ғалымдардың сапарының негізгі мақсаты – Арал теңізінің экологиялық мәселелерін және шалғай ауылдардың әлеуметтік-экономикалық жағдайын зерттеу.
Кездесу барысында Арал өңірінің экологиялық ахуалы, теңізді қалпына келтіру мүмкіндіктері және халықаралық ғылыми әріптестікті дамыту туралы өзара пікір алмасты.
Ғалымдар Арал теңізінің тартылу үдерісі, оның себептері мен салдарын ғылыми зерттеу тұрғысынан қарастырудың маңыздылығын атап өтті. Сонымен қатар, Арал аумағында жүзеге асырылатын басым бағыттағы ғылыми жобалар мен ықтимал халықаралық гранттар мәселесі де қозғалды.
Аудан әкімі Аманжол Сақыпұлы өз кезегінде, Арал өңірінің экологиялық және әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін ғылыми қауымдастық пен халықаралық серіктестердің зерттеулерін қолдайтынын жеткізді.
Кездесу соңында аудан басшысы аудан әкімінің орынбасары Ш. Есжановқа халықаралық сарапшыларға өңірдің негізгі мәселелері туралы толық ақпарат беруді тапсырды.
Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі