Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз табанына сексеуіл егу несімен тиімді?

Теңіз табанына сексеуіл егу несімен тиімді?

Арал теңізінің табанындағы шамамен 6 млн гектар аумақ қурап кеткен. Экология және табиғи ресурстар министрлігінің мәліметіне сүйенсек, оның 2,8 млн гектары Қазақстан территориясына тиесілі. Теңіз ұлтанынан көтерілген тұз бен шаңды дауылды тоқтатады деген сеніммен талай жылдан бері мұнда сексеуіл егіліп келеді.

Өткен ғасырдың сексенінші жылдары басталған тәжірибе тиімсіз болды дей алмаймыз. Сөзімізді ғалымдар да растап отыр.
– Кеңес өкіметі кезінде, тіпті одан бұрын қолданылған тәжірибе негізінен оң нәтиже көрсетті. Сексеуіл отырғызылған алқаптар күні бүгінге дейін сақталып, топырақтың көшуі тоқтап, Аралдың экожүйесін жақсартуға көмектесті. Тұзды шаңның таралу ауқымы біршама қысқарды. Ал кейбір аумақтарға өсімдіктер бейімделе қоймады. Оған су тапшылығы, топырақтың шамадан тыс тұздануы, тиісті күтім мен мониторингтің жоқтығы сияқты экологиялық және биологиялық факторлар әсер етті. Сонымен қатар зиянкестер зақымдап, ауруға ұшыраған, – дейді Ж.Жиембаев атындағы Қазақ өсімдік қорғау және карантин ҒЗИ-ның өсімдіктерді биологиялық қорғау бөлімінің меңгерушісі, биология ғылымдарының кандидаты Нұржан Мұхамадиев.

Аңқасы кепкен Аралдың ұлтанына ағаш отырғызу тәжірибесі әлі күнге маңыздылығын жойған жоқ. Апат аймағындағы өзекті мәселелер үнемі Үкімет назарында. Мемлекет басшысының тапсырмасымен былтыр 275 мың гектарға, 2025 жылдың соңына дейін 1,1 млн гектар жерге сексеуіл егу жоспарланған. Бұл – экожүйеге ғана емес, миллиондаған адамның денсаулығына зиян улы тұз көшкінін тоқтату бағытындағы амалдардың бірі. Ғалымдар бір түп сексеуілдің 4 тоннадан астам құмды тоқтата алатынын дәлелдеген. Оның көптеп отырғызылуы экологиялық жағдайды жақсартып, теңіз флорасы мен фаунасына жан бітіреді.
– Сексеуіл – құрғақ әрі тұзды ортаға төзімді өсімдік. Ол ортаға толыққанды бейімделіп, бой тіктеуі үшін бастапқы кезде тұрақты суаруды, сыртқы факторлардан қорғау және тиісті агротехникалық шараларды қажет етеді. Сексеуілдің өсуіне кейбір учаскелер қолайлы болғанымен, кейбір жерде лайықты жағдай жасалмағандықтан ұзаққа бармайды. Президент тапсырмасымен елімізде жергілікті орман шаруашылықтары мен тұқымбақтар дамып келеді.

Бұл салаға әлі де трансфертті және инновациялық технологияларды енгізу керек. Құм көшкіні салдарынан ауыр техника өте алмайтын жерлерде тал-дараққа әуеден препараттар мен тыңайтқыштар бүркудің тиімділігі зор. Ол үшін дрондарды, ұшқышсыз ұшу аппараттарын қолдануға болады, – дейді Нұржан Мұхамадиев.

Ғалымдардың ұсынысымен Арал маңында соңғы жылдары қара барақ, сары сазан сияқты өсімдік түрлері өсірілуде. Одан бөлек, жыңғыл, алабұта, қарағай ағаштары сексеуілдің орнын баса алады. Нұржан Мұхамадиев бұл ретте өндіріс пен ғылым біріккенде ғана оң нәтижеге қол жеткізуге болатынын тілге тиек етті.
Сөз соңында институт өкілінен көктем шыға басталатын көшет егу науқанының неліктен көбіне нәтижесіз болатынын, қураған ағаштардың қауіптілігі және Сыр өңірі қандай ағаш түрлерін өсіруге қолайлы екенін сұрадық.

– Өйткені климатқа бейімделмеген түрлері егіледі. Көшет отырғызу техникасын сақтамаймыз. Суару мен күтім жеткіліксіз болып жатады. Препараттар мен тыңайтқыштарды қажет мөлшерде қолданбаймыз. Жазда шөп ору кезінде техникалар мен шөп оратын құралдар өсімдік қабықтарына зақым келтіреді. Су үнемдеу технологиясын дұрыс қолданбау, түбін қопсыту кезінде биогумустар қолданбау да кері әсерін тигізеді. Қураған ағаштар несімен қауіпті? Біріншіден, эстетикалық және экологиялық тұрғыда зиян. Қатты жел тұрғанда құлап қалуы мүмкін. Қураған ағаштың діңі зиянкес жинайды. Дер кезінде шауып тастамаса, зиянкестің ошағына айналып, сау ағаштарға зиянын тигізеді.

Қызылорда – өзіндік ерекшелігі бар аймақ. Облыста үйеңкі, қарағаш, алабұта, қарабұта, ақ, қара теректер отырғызуға қолайлы.

Қытайға барғанымда байқағаным, көшет түбіне ылғал сақтайтын бұталар отырғызады екен. Содан ол екідеңгейлі көгалға айналады. Біз ағаштың діңін үш метрге жеткесін жапырақтардан тазалап, жол белгілері көрінетіндей етіп қоямыз. Топырағы жазда күйеді, сондықтан төменгі деңгейіне бұта отырғызған тиімді, – дейді ғалым.

Назерке САНИЯЗОВА,
«Сыр бойы»

Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: syrboyi.kz

13 ақпан 2025 ж. 49 0