"Таза Қазақстан" экологиялық жобасына қызылордалықтар белсенділік танытуда

Елді мекендердің тұрғындары, қоғамдық қызметкерлер, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен аулаларды тазартуға атсалысуда. Сонымен қатар тарихи-мәдени ескерткіштердің аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Көшеттер отырғызылып, ағаштар әктелді.


Қала аумағында ұйымдастырылған сенбілікке барлығы 24 мекемеден 218 адам қатысып, 20 техника (7 арнайы қоқыс жинайтын техника, 4 трактор, 5 камаз, 4 жүк тиегіш) жұмылдырылды. Нәтижесінде орталық полигонға 120м3 қоқыс шығарылды.
Сырдария ауданы тұрғындары да сенбіліктер ұйымдастырып, жоғары белсенділік танытты. Осылайша «Таза Қазақстан» жобасы аудан орталығы Тереңөзек кентінде жалғасын тапты.
Аудан тұрғындарының демалыс орнына айналған «Орталық саябақ», «Тағзым» алаңы, орталық алаңдағы кіші архитектуралық формалар, кент көшелері мен арықтары тазалану жұмыстары жүргізілді. Жаңаша өзгеріп жатқан «Тағзым» алаңындағы арықтар қайта қазылды. Экологиялық жобасы жалпы 500-ден аса адам және 6 техника қатысып, 36 текше метр қоқыс шығарылды.
Айта кету керек, облыс бойынша «Таза Қазақстан» экологиялық іс-шарасы басталғаннан бері облыстың 730 000-ға жуық тұрғыны қатысты. 27 000 тоннадан астам қоқыс шығарылды, 505 сквер мен саябақ, 225 тарихи мәдениет ескерткішінің аумағы, 791 әлеуметтік нысан, 4596 өнеркәсіп және бизнес нысаны, 322 су нысаны, 47 451 аула мен көше тазартылды.
«Таза Қазақстан» жобасына қатысу арқылы әрбір азамат өз аумағын таза ұстап, қоршаған ортаға қамқорлық көрсетуге үлес қосады. Бұл шара экологиялық мәдениетті қалыптастыруға және табиғатты қорғауға бағытталған маңызды қадам.

