Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда 3000 түп ағаш отырғызылады

Аралда 3000 түп ағаш отырғызылады

«Тазалық – денсаулық кепілі». Республика көлемінде қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз ету үшін Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын жариялады. Осыған байланысты аудан аумағында тазалық жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Барлық тұрғындар қоршаған ортаның тазалығына үлес қосуда. «Тазалық тал бесіктен басталады» десек, жалпы қоғамның таза болуы әрбір ауланың тазалығынан басталады.
Науқанның алғашқы күнінен 13 сәуірге дейін созылатын бірінші апта «Таза өлке» деп аталады. Бастапқы жеті күн ішінде елдімекендердің тұрғындары, қоғам белсенділері, ұйымдар мен кәсіпорындардың қызметкерлері іргелес аумақтар мен белгіленген аулаларды тазалады.20 сәуірге дейін жалғасатын екінші аптаға «Киелі мекен» аты берілді. Бұл күндері тарихи-мәдени ескерткіштер аумағын абаттандыру жұмыстары жүргізіледі.Ал 27 сәуірге дейінгі үшінші аптаға «Жасыл аймақ» тақырыбы қойылып, бұл апталықта ағаш көшеттері отырғызылып, ағаштар әктелді.
Жалпы аудан аумағындағы тазалық жұмыстарына еңбек ұжымдары, белсенді жастар мен ерікті тұрғындар атсалысты. Сенбілік барысында қала көшелері мен қоғамдық орындар, кәсіпкерлік, әлеуметтік нысандар маңы тазартылып, күл-қоқыстар арнайы техникалардың көмегімен тиісті орындарға шығарылды.
«Таза Қазақстан» республикалық акциясының «Жасыл аймақ» апталығы аясында аудан көлемінде ағаш көшеттері мен гүл отырғызу жұмыстары жүргізілді.Аталған жұмыстарға мекеме қызметкерлері мен ерікті жастар атсалысты. Арал қаласының әкімі Батыржан Ұзақов қаланың көркейту-көгалдандыру бағытында әлі де ауқымды жұмыстар жалғасын табатындығын баса айтты.
– Биылғы маусымда Арал қаласында 3000 түп ағаш отырғызу жоспарлануда. Өткен аптадан бастап жұмыстар басталып кетті. Жергілікті жерге төзімді көшеттер таңдап алынды. Аяқ су мәселесі қиындық тудырмас үшін тамшылатып суару әдісін қолданып жатырмыз. Бұдан бөлек орталық көшелерге, демалыс орындарына, саябақтарға гүлдер отырғызылуда. Бүгінгі акцияда қаламызға 70 түп ағаш, 100 түп гүл көшеттері отырғызылды, – деді қала әкімі.
Күн санап дамып келе жатқан тұрмыс-тіршілігімізге қуана қараймыз. Әйтсе де, сол даму қоршаған ортаға кері әсерін тигізуде. Мәселен, дүкен сөресінде самсап тұрған тағамдар мен сусындардың барлығы арнайы қорапқа немесе полиэтилен пакетке түрілген. Бұрыңғы әжеміздің қолдан тіккен өміршең қолдорбасын пакет алмастырды. Сүт, сұйық май, шырын, сусын бәрі-бәрі түрлі қорапқа немесе шыны ыдысқа, қала берді «баклажкаға» құйылған. Міне, ең алдымен ауыл тазалығын ластайтын осы тұрмыстық қалдықтар.
Иә, шашылған қоқысты күнделікті көзіміз шалып жүр. Десе де оған жейіркенішпен қарасақ та алдын алуға үлес қосып жатқанымыз аз. Қоршаған ортаның тазалығы барлық адамзаттың міндеті. Табиғатты таза ұстау қазіргі таңда экологияны яғни, қоршаған ортаны қорғау ең басты мәселе болып отыр. Қоршаған ортаны ластауға, зиян келтіруге жол бермей, жануарлар мен өсімдіктер әлемін қорғау, сақтау әр адамзаттың міндеті. Өз денсаулығымызды сақтау үшін тазалықтың сақталуына жақсы әсер беруіміз керек.
Тазалық – бүгінгі күннің өзекті мәселесіне айналып отыр. Қала тазалығын қамтамасыз ету бағытында көптеген ауқымды жұмыстар атқарылуда. Әрине қоршаған ортада бейберекетсіздік орын алса онда өмір салты да өзгереді. Қай жерде болсын ең алдымен тазалық керек. Осы ретте тазалықты кеңінен насихаттап, ұрпақ санасына тазалықтың маңыздылығын сіңіру мақсатында Мемлекет басшысы бастамасымен қолға алынған республикалық акция тазалық пен көктемгі көгалдандыру жұмыстарының қарқынын үдете түскендей.
Н. МАРАТҚЫЗЫ
23 сәуір 2024 ж. 180 0