Ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын! 5 парыздың бірі болған ораза, рамазан айы құтты болсын. Алла тағала рамазан айында ұстаған оразаларымыз бен құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл етіп, екі дүниенің бақытына бөлегей! Халқымыздың ынтымақ-бірлігін арттырып, ырыс-несібесін адалынан молайтқай! Дінімізге қуат, өзімізге иман байлығын бергей! Шариғатымызда бекітілген әрбір құлшылықта әрі рухани, әрі тәни, әрі материалдық пайдалардың бар екендігі мәлім. Мәселен, намаз – күнәларды кетіруші, жамандықтан тыюшы әрі Жаратушыны еске салушы ғибадат болуымен қатар, адамның денсаулығына өте пайдалы құлшылық болса, ораза да пендені кемелдікке жеткізер рухани тереңдігімен қоса тән саулығының бір кепілі ретінде белгілі. Бұл жайлы ардақты Пайғамбарымыз (Ол кісіге Алланың игілігі мен сәлемі болсын!): «Ораза – тәннің зекеті», - деген (Ибн Мәжәһ жеткізген). Оразаның адам денсаулығына ұшан-теңіз пайда беретіні жайлы көзі қарақты оқырман жақсы біледі. Ораза құлшылығы – негізі, таңсәріден күн батқанға дейінгі аралықта ішіп-жеуден және жұбайлық жақындықтан бас тарту арқылы көрініс беретін ғибадат. Алайда ораза бұнымен ғана шектелмейді. Оразаның кәмілдігі сонымен қатар көз бен құлаққа, қол мен аяққа да, тіпті сезім мен ойға да белгілі шектеулер қою арқылы толыға түседі. Яғни ораза дегеніміз – Раббымыз разы болмайтын барша істерден тыйылып, жамандық атаулыдан аулақ кету арқылы жүзеге асатын құлшылық. Мына хадистер оразаның мақсаты мен мәнін аша түседі: «Ораза ұстаушыға оның оразасынан аштықтан басқа еш нәрсе тимей қалуы мүмкін»(Ибн Мәжаһ жеткізген) немесе «Өтірік айтуын және өтірікке сай амал етуін тоқтатпаған адамның ішіп-жеуді тастағаны Аллаға керек емес» (Бұхари жеткізген)... Құрметті мұсылман қауым! Ұстаған Оразаларыңыз қабыл болсын! Алла Тағала баршамызды шынайы ықыласпен Ораза ұстаушылар санатына қосып, жәннаттың Раййан есігінен кіруімізді нәсіп еткей!Қасиетті Рамазан құтты болсын!
Қ. ҚАБЫЛҒАЗИЕВ,
«Арал аудандық орталық» мешітнің бас имамы