Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан

Оразаң қабыл болсын, ұстаған жан

Рамазан – барша мұсылманның сағына күтетін қасиетті мүбәрак айы. Құран Кәрімде: «Ей, иман келтіргендер! Сендерден бұрынғыларға парыз етілгендей тақуалыққа жетулерің үшін ораза ұстау сендерге де парыз етілді» делінген. Айлардың сұлтаны атанған Рамазан айында барша мұсылман бір ай бойы ораза тұтады. Яғни, таң сәресінен күн батқанша ішіп-жеуден, түрлі жамандық атаулыдан өзін таза ұстап, күнә істерден аулақ болады. Ораза ұстаған жан мейірімділік, қанағатшылдық, сабырлық сынды қасиеттерге бой ұсынады.
Алла тағала: "Рамазан айында жер бетіне Құран түсірілген. Құран Кәрім кітабы адамдарға дұрыс жолды көрсету және ақ пен қараны айыру үшін жіберілген. Осы айда Құран оқып, ораза ұстасақ оның сауабы қиямет күні тозақ отынан арашалап шығады" деген. Сондықтан Рамазан айында Құран, хадис кітаптарын оқып жүргеннің сауабы шексіз. Бұл айда тозақтың есігі жабылып, жәннаттың қақпалары ашылады. Ораза ұстау – пенденің өткен күнәларының кешірілуіне себепші болады.
Барлық періштелер жер бетіне ізгі амалдар үшін жіберілетін Қадір түні жасаған әрбір ізгі амалдар мен құлшылықтардың, қайырымды істердің сауабы мың еселеп жазылады. Бұл айда әр адам өзінің хал жағдайына қарап тұрмысы төмен жандарға көмек қолын созса сауабы мол.
Ораза – бес парыздың үшіншісі, қасиетті Құранның аятымен бекітілген ғибадат. Оразаның адам баласының жан дүниесінің кемелдік дәрежеге жетуіне көптеген игі әсері бар. Қазіргі таңда заманауи технологияны меңгердік дегенімізбен, онымен мінез-құлықтың көркемдігіне қол жеткізе алмаймыз. Өмірімізде көңілімізді кірбің шалатын, санамызды тұрмыс билейтін шақтарымыз болады. Осындай кезде ашуға беріліп, сабырсыздық танытып, жат әдеттерге бой алдырып жататынымыз рас. Осындай тұста ұтымды тәрбие беретін оразаның негізгі мәні де осында жатыр. Абырой, атақ-даңқ, байлық пен дүние негізгі мақсат еместігін, адамның өзімен бірге мәңгі болатын «иман» байлығы екендігін еске салатын да – ораза.   
Ораза ұстаған адам аштық халінде өзінің әлсіздігін сезінумен бірге, тоқтықта қадірін біле бермейтін қара су мен бір үзім нанның соншалықты құнды екендігін сезінеді. Адамның  ең ауыр дерті ішкі жан дүниесінің бұзылуы болғандықтан, осы рухани дерттердің емшісі ораза екендігін ораза ұстаған пенде жақсы біледі. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) өсиетінде: «Шынайы мұсылман тілінен де, қолынан да өзгеге зиян келтірмейтін адам» деп айтқандай, ораза бізге берілген үлкен мүмкіндік. Алла тағала оразамызды қабыл етіп, Құран мен сүннетке сай қайырлы іс қылуды нәсіп етсін!
С. ШАЛАБАЕВ,
Ерімбетжаға ауылдық мешітінің имамы
04 сәуір 2022 ж. 1 499 0