Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Рамазан –Айлардың сұлтаны

Рамазан –Айлардың сұлтаны

Рамазан айы–қадірлі де ерек­ше, мұсылман қауымы үшін қасиетті ай. Бұл жайында Құ­ран Кәрімнің «Бақара» сүре­сі­нің 185-аятында: «Рамазан – адам­дар­ға тура жол нұсқаушы, ақ пен қараны айырушы, бекем тұты­натын жолбасшы ретінде Құран түсіріле бастаған ай. Рамазан айы туғанын көрген адам бірден ораза ұстасын. Егер біреулер ауру болып, әйтпесе жол сапарда жүрсе, онда басқа күндерде өтесін. Алла сендерге жеңілдік болуын қалайды, ауырлық түсіргісі келмейді» делінеді. Демек, осы айда қазақ жұрты қадір тұтатын Құран аяттары түсіріліп, мұсылман халқына ораза парыз етілді. Сондай-ақ, бұл айда жолаушы жүрген азаматтар мен жүкті әйелдерге, сырқатты адамдарға жеңілдік бар.Рамазан айында әрбір ісіміздің сауабы өзге уақыттарға қарағанда еселенетіні исі мұсылман қауы­мына мәлім. Себебі, Алла Тағала  бұл айды өзге айлардан құрметті қылып, сауабын өзім беремін деп уәде етеді. Ендеше, Хақ Жаббардың рахым нұры жауып, мысқалдай ізгі амалымызға таудай сауаптар жазылатын айда құлшылық-ғибадаттарымызды көбейтіп, сөзіміз бен ісімізді түзеп, ниетімізді тазартуымыз керек. Жалпы оразаның мұсылмандарға бекітілуінің хикметі жайында Бұһариден жеткен хадисте «Егер, адам өтірік айту мен күнәлі істерін тастамаса, Алла ол адамның тағам мен судан тыйылғанына мұқтаж емес» деп, мән-мағынасы тереңде екенін байқатады.
Яғни, Аллаға шын иман келтіріп, мойынсұнған момын жан үшін ораза дегеніміз тек қана тәннің оразасы болмаса керек. Бұл – күнәға түсер көздің, қаңқу сөз бен жалаға жақын, ғайбатқа икем тіл мен құлақтың, яки бүкіл он екі мүшеміздің оразасы. Мүмінге жат әрекеттерден тыйылмаған адамның оразасы жөнінде ардақты елші «Оның оразасынан аштықтан өзге еш нәрсе бұйырмауы мүмкін» деп сипаттайды.
Байқағанымыздай, оразаның мұсылман қауымына парыз болуының мәні тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес екен. Тәніміз бен рухымыздың толық үйлесім тапқан оразасы ғана кәміл ораза қатарына жататынын жете ұғынуға тырысқанымыз жөн. Фәни дүниеде оңай олжа табу жолдарының жеңіл болып,  шын еңбекпен тапқан табыстың көзі қиыншылықпен келетіні әрі адалдық жібін аттамағанда ғана берекелі болатыны әмбеге аян. Бір Алланың разылығы, дүние ақыретіміздің жарық болуы үшін ұстаған оразада сезінетін азды-көпті қиындықтар да мұсылман баласын жақсылыққа жетелеп, сенімін нығайтып, шүкірін арттырады, иманын шыңдайды.
Шын ниет етіп, ораза ұстаушының дәрежесі туралы құдси-хадистердің бірінде Алла Тағала: «Аузы берік адам ішіп-жеуін мен үшін доғарды. Ораза – Мені мен құлымның арасындағы ғибадат. Оған берілетін сыйды Мен ғана өлшеп, Мен ғана беремін. Аузы берік құлымның аштық пен шөлдегенде шығатын аузының исі мен үшін мисктен де артық» дейді. Күні ұзаққа ораза болған жанның ауыз қуысынан шыққан иістің өзін әлемдердің Раббысы жұпар иіс мисктен жоғары бағалап, құлының сыйын бір Өзі өлшеп, бір Өзі берер болса, момын мұсылман үшін бұдан асқан нендей нығмет керек болар? Сондықтан бұл сабыр айы. Ал сабырлықтың сыйы – жәннат. Бұл – қайырымдылық, яғни, аштықты сезініп, кембағалдарға жанашырлық ету айы. Бұл айда мүміннің ризығы молаяды. «Біреу ораза ұстағанды тамақтандырса, оның күнәлары кешіріліп, тозақ отынан азат етілуіне септігін тигізеді. Әрі ол ораза ұстағанның сауабындай сауап алып, одан ораза ұстаушының сауабы кемітілмейді» деді пайғамбарымыз. Сонда сахабалар: «Уа, Расулалла! Біздің әрбіріміздің ораза ұстағанды тамақтандырғанға шамамыз жете бермейді», – дегенде, ол: «Алла Тағала тіпті бір құрма, бір ұрттам су немесе сүттің себебімен де сауабын береді. Бұл айдың бірінші бөлігі – Хақ тағаланың рахметі, екінші бөлігі – кешірімі, үшінші бөлігі – тозақтан азат болу. Хақ тағала Рамазан айында құлына кеңшілік еткен, яғни, қызметін жеңілдеткен адамның күнәсін кешіріп, оны тозақтан азат етеді. Рамазанда төрт істі көбейтіңдер. Оның екеуімен Раббыларыңды разы етсеңдер, екеуін істеу міндетті. Раббыларыңды разы ететін екі іс, ол: «Хақ Тағаладан өзге тәңір жоқ» деп куәлік ету және көп истиғфар айту. Істелуі міндетті болған екі амал, ол: Хақ тағаладан жәннатқа кіргізуін сұрап, тозақтан пана тілеу. Ораза ұстауға су бергенді Хақ Тағала Қиямет күні менің хаузымнан сусындатады. Кейін ол жәннатқа кіргенге дейін шөлдемейді», – деді»
Қадірлі жамағат, Рамазан–береке-бірлік айы. Тәуелсіз еліміздің көк байрағының, Отан деген ұлы шаңырағымыздың астында бірлікте тірлік қылып, ынтымақта ғұмыр кешейік. Еліміздің ертеңі мен баянды болашағы үшін аянбай еңбек етіп, осы жолда қызмет қылушы ел азаматтарына көптен көп дұға жасайық. Дұғалар кері қай­та­рыл­майтын қасиетті уақытта еліміз бен жеріміз­дің тыныштығын тілейік. Алла Тағала баршамыздың ұстаған оразамыз бен жасаған құлшылық-ғибадаттарымызды қабыл еткей.Дінімізге қуат, халқымызға иман байлығын бергей. Халқымыздың ынтымақ-бірлігі артып, ырыс-не­сібесі молынан болғай. Қасиетті Рамазан бар­шамызға құтты, берекелі, күллі мұсылман жұртшы­лы­ғына қайырлы болсын!
Қ. Қабылғазиев,
Арал аудандық орталық мешіттің бас имамы
https://tolqyn.kz/
03 мамыр 2019 ж. 1 064 0