Аймақ басшысының Қытайға жұмыс сапары жалғасуда

Аймақ басшысы күріш өсіру және өндірумен айналысатын «Ningxia Guangyin Rice Industry Co., Ltd.», ауыл шаруашылығы саласындағы «Ningxia State Farm» компанияларының жетекшілерімен кездесіп, аймақтың әлеуетіне сай инвестиция тарту мәселелерін талқылады.
«Қызылорда облысы – Қазақстандағы күріш өндіруші ірі өңір. Облыста барлық қазақстандық күріш пен тұздың 90%-дан астамы өндіріледі. Біз ішкі нарықты толығымен қамтамасыз етеміз, сондай-ақ, өнімді алыс және жақын шетелдерге белсенді түрде экспорттаймыз. Жыл сайын 80 мың гектардан астам жерге күріш егеміз.
Өткен жылдың қорытындысымен 500 мың тонна күріш жиналып, 73,2 мың тоннасы экспортталды. Бұдан бөлек, дәнді, майлы дақылдардың, жем-шөп, картоп, көкөніс, бақша дақылдарының егістік алқаптары бар.
Өңірде 700-ге жуық шаруа қожалығында 15 түрлі күріш сорты өсіріледі. Ал, күріш өңдейтін 40 компания ғана бар. Негізгі ауыл шаруашылығы өнімі күріш болғандықтан, біз оны терең өңдеу саласына қызығушылық танытамыз.
Сіздердің компанияларыңыздың мол тәжірибесін ескеріп, Қызылорда облысына бірлесіп жұмыс жасауға шақырамыз. Серіктес қажет болған жағдайда, өңірде өз салаларын дамытқан тәжірибелі кәсіпкерлер бар.
Облыс әкімдігі жер телімін беруге, инженерлік инфрақұрылым жеткізуге, өндірілген өнімді сатуға, жан-жақты қолдауға дайын», – деді Н. Нәлібаев.

Кездесуде облыс әкімі аталған компания басшыларын өңірдің әлеуетімен жақынырақ танысу үшін арнайы іссапармен келуге шақырды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі