Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Мерекеде мерейі асқан ару

Мерекеде мерейі асқан ару

Бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8-наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған салтанатты жиында еліміздің дамуына елеулі еңбек сіңірген бір топ қыз-келіншектерге мемлекеттік наградалар табыстады.
ҚР Президентінің 2025 жылғы 3 наурыздағы Жарлығымен Қызылорда облысының Қоғамдық даму басқармасына қарасты облыстық тілдерді оқыту орталығы ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы Алтынай Орынбаева мемлекеттік «Шапағат» медалімен марапатталды.
Білім беру мен мемлекеттік тілді дамыту ісіне айрықша үлес қосып жүрген Алтынай Орынбаева 2015-2019 жылдары Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің қазақ филологиясы факультетін филолог мамандығы бойынша бітірген.
2019-2021 жылдары аталған университетті филология ғылымдары магистрі бойынша аяқтаған.
Алтынай Романқызы еңбек жолын Қ.Жұбанов атындағы ЖОО-ның радио жаңалықтар жүргізушісінен бастаған. 2019-2020 жылдары Қызылорда қаласындағы «Болашақ» университетінің жоғары колледжінде қазақ тілі мен әдебиеті пәні оқытушысы, 2020-2023 жылдар аралығында облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы, ал 2023 жылдан бастап осы орталықтың ғылыми-әдістемелік бөлімінің басшысы қызметін атқарып келеді.
2020-2021 жылдары «Этнос өкілдеріне мемлекеттік және ана тілдерін үйрету: Әдіс. Тәжірибе» атты жинаққа авторлық сабақтары, «Intelligence.kz» республикалық ақпараттық, ғылыми-педагогикалық журналына «Тобық Жармағамбетов шығармаларының көркемдік ерекшелігі» атты мақаласы жарияланған.
Сондай-ақ ол электронды оқулықтың авторлық құқық иегері.
Мұғалімдер арасында өткен «Үздік жас маман-2022» байқауынан жүлделі І орын, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы республикалық «Үздік оқытушы-2022» байқауының бас жүлде иегері.
Жерлесіміз Қаратерең ауылының тумасы Алтынайды марапатымен құттықтай отырып, қызметіне табыс, отбасына амандық, еңбегіне жеміс тілейміз!
«СБ» ақпарат

Ақпарат көзі: ​syrboyi.kz​​​
Фото: Аман Дүйсенбаев
07 наурыз 2025 ж. 88 0