К. Шәмшидинова: Мұғалімдердің жалақысы 180 908 теңге болады

«Ведомство басшысы мектеп-гимназияда педагогикалық құраммен кездесті. Сондай-ақ оған ІТ және робототехника сыныптарындағы оқушылардың жұмысы таныстырылды», — делінген баспасөз ақпаратында.
Былтыр Маңғыстауда 6300 орындық 9 мектеп пайдалануға берілді. Жаңаөзен қаласында 2018-2019 оқу жылында 2 жаңа мектеп іске қосылды. Жалпы, қалада 24 орта мектеп жұмыс істейді, онда 30579 оқушы білім алады.
К. Шәмшидинова атап өткендей, 1 шілдеден бастап бюджеттік сала қызметкерлерінің жалақысы 30% артады. Осылайша, жоғары санаты бар қала мұғалімінің жалақысы 158 034 теңге, ауылдық жерлерде — 180 908 теңгені құрайтын болады.
Министрдің пікірінше, жалақының артуы мұғалімдердің өмір сүру деңгейін арттырып, жұмыстың сапасына әсер етеді және жас мамандар үшін жақсы ынталандыру болмақ.