Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Жетінші міндет не жүктеді ?

Жетінші міндет не жүктеді ?


Президент халыққа жолдаған биылғы Жолдауында білім берудің жаңа сапасына ерекше мән берді. Алдымызда жүзеге асыратын 10 негізгі міндеттің ішінде білім беру жүйесінің барлық деңгейінің заман талабы мен экономика сұраныстарына жауап беруі тиістігіне арнайы тоқталды.
Білім беру ісінде өзіміздің озық жүйемізді құру, математика және жаратылыстану ғылымдарын оқыту сапасын күшейту мен цифрлық білім беру ресурстарын дамыту және 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшудің нақты кестесін жасау қажеттілігі Жолдауда баса айтылды. Сондай-ақ, оқушылар жүктемесінің ТМД елдерінің ішінде ең жоғары, ал Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдеріне қарағанда орта есеппен үштен бір еседен көп екендігін ескеріп, оны төмендету керектігі де қамтылған.
Осы орайда, аудандық білім бөлімінің бас маманы Ғ.Сейітова:
–Президентіміз Жолдаудағы жетінші міндетте «Орта білім беру саласында жаңартылған мазмұнға көшу басталды, ол 2021 жылы аяқталатын болады» деді. Жаңартылған мазмұн дегеніміз – халықаралық стандарттарға сай келетін және Назарбаев зияткерлік мектептерінде бейімделуден өткен заманауи оқу бағдарламалары. Оны жүзеге асыру үшін жан-жақты, білікті мұғалімдердің аса қажет екендігі анық. Соған байланысты, мұғалімдерді оқыту мен олардың біліктілігін арттыру жолдарын қайта қарау қажеттілігі де айтылды. Оқушылар жүктемесінің жоғарылығы да назардан тыс қалған жоқ. Елімізде биылғы оқу жылынан бастап барлық мектептер сабақтың 40 минуттық ұзақтығымен 5 күндік оқу аптасына көшіріліп, нәтижесінде қолданыстағы оқу жоспарына сәйкес оқушылар күніне 6-8 сабаққа дейін білім алуда. Бұл оқушылардың өз бейімділіктері мен қызығушылықтарына сай түрлі үйірмелерге қатысуларына уақыт тапшылығын тудыруда, – дейді.
Елбасы Жолдауларында мұғалімдердің мәртебесі мен беделін көтеру және жалақыларын арттыру мәселесі қашанда басым бағыттардың біріне айналып келеді. Үкімет үйінде өткен баспасөз мәслихатында Білім және ғылым вице-министрі Б.Асылова мұғалімдердің жалақысын өсіру Президент Жолдауында көрсетілген міндеттер бойынша жүзеге асатындығына жан-жақты тоқталды. Яғни, білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен мұғалімдердің жалақысы үстіміздегі жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 пайызға көбейеді. Атап айтқанда, үстіміздегі жылдан бастап, 1, 2, 5 және 7-сынып мұғалімдерінің лауазымдық жалақысы жоғарылайды. Ал, қыркүйек айынан бастап 3, 6 және 8-сынып мұғалімдерінің жалақысы артады. Сонымен бірге, 2019 жылдың қыркүйек айында 4, 9, 10-сынып мұғалімдерінің, ал 2020 жылы 11-сынып мұғалімдерінің жалақысы көбейеді. Тағы бір мысал ретінде айтқаны, егер 15 жылдық еңбек өтілі бар І санаттағы қала мұғалімінің жалақысына 24 мың теңге қосылса, дәл осындай еңбек өтілі бар І санаттағы ауыл мұғалімінің жалақысына 25 860 теңге қосылады.
Жалпы алғанда, 25 жыл еңбек өтілі бар жоғары санатты мұғалімнің қазіргі жалақысы 83 мың теңге болса, оған 25 мың теңге үстемақы және жаңартылған білім беру бағдарламасы үшін тағы да 24 мың теңге қосылады. Осылайша, еңбекақының жалпы сомасы 133 мың теңге болмақ.
«Санаты жоқ мұғалімдердің жалақысы қалай көбейеді?» деген сауал да біраз мұғалімнің көкейінде тұрғаны белгілі. Еш санаты жоқ мұғалімдердің лауазымдық жалақысы 56 мың теңге көлемінде болса, оған дәптер тексергені, кабинет жетекшілігі сынды жұмыстарына қосымша 22 мың теңге үстемақы қосылып, жалақылары 78 мың теңгені құрайды. Егер, бұл топтағы мұғалімдер білім берудің жаңартылған мазмұны бойынша оқытса, қала мұғалімдерінің жалақысы 16 мың, ал ауыл мұғалімдерінікі 21 мың теңгеге артады.
Сондай-ақ, баспасөз мәслихатында Жолдаудағы білім беру саласына байланысты көзделген міндеттерге орай, қазіргі уақытта министрлікте біліктілікті растаудың жаңа жүйесінің әзірленіп жатырғандығы да айтылды. Нақтырақ тоқталсақ, жаңа жүйе екі кезеңнен құралады. Алдымен мұғалімдер ұлттық біліктілік тестін тапсырады. Одан кейін педагог қызметінің кешенді қорытындысы жүргізіледі. Категорияларды бүкіл әлемде қолданылып жүрген ұлттық біліктілік тест арқылы беру көзделген. Нәтижесінде, жаңа кестеге сәйкес, мұғалімдердің жалақылары біліктіліктерінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30 пайыздан 50 пайызға дейін өседі. Мысалы, бір саты жоғарылаған 15 жылдық еңбек өтілі бар І санаттағы қала мұғалімінің еңбекақысына 28 мың теңге қосылса, ауыл мұғалімінің жалақысына 36 мың теңге қосылады.
Сонымен қатар, өткен және алдыңғы жылдары өз біліктіліктерін растаған мамандар үшін үстемақының ескі жүйесі сақталатын болады. Яғни, қазіргі заңнамаға сәйкес, бұл біліктіліктер 5 жылға дейін жарамды. Сондықтан, барлық ескі санаттар мен оларға тағайындалған үстемақылар сақталады.
Осылайша, үстіміздегі жылы ел мұғалімдерінің 66 пайызының жалақысы артпақ. Бұл үшін биыл қосымша 67 миллиард теңге бөлу қажеттігі де айтылды. Соған орай, білім сапасының деңгейі артса, қанекей...
Лаура Әйтімова.



24 қаңтар 2018 ж. 1 781 0