Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Әзілдің де айтары бар

Әзілдің де айтары бар

Қымбат нан жейміз
Дастарханы қашан да қонақтан арылмаған Дәкең 40-қа толған туған күнінде құрдастарын үйіне шақырып, тілегін тыңдамақшы болады. Құрдастарға арналған кеш қызып, әрбір үйдің базаршысы болатын жұбайлары тұрмыстық жағдайын дастархан басында да сөз қыла бастайды. Сонда Дәкеңнің жұбайы да қонақтың қамын күйттеп жүріп, күндіз ғана көзімен көріп келген жаңалығын дастархан басында сөз етіп:
– Бисший сорт ұнның бағасы 7000 теңге болыпты, – дей бергенде, әзілге жаны жақын Әзекең әңгіменің арасын үзбей, жалғай жөнеліп:
– Мынауың жақсы жаңалық қой. Енді қымбат нан жейміз – деп бәрін күлкіге қарық қылыпты.
Ұстаздың да үш түрі бар
Ауылда тұратын Дәкең қалада тұратын құрдасы Әзекеңнің үйіне келіп түседі. Түскі асын ішіп, көңілдерін бірлегенненкейін келген шаруасының жайына көшеді.
– Биылғы қыс ызғарлы болды ғой. Салқын тигізіп алып, елемей жүре бергенмін. Оған болмады. Таңертеңмен келіп дәрігерге қаралып едім, бірнеше дәрі берді. Жақын жерде дәріхана болса соларды алып, қараңғы түспей елге жетейін, – деп Әзекеңді ертіп, дәріханаға барады.
Дәрі сатушы екеуіне:
– Мына дәрінің үш түрі бар. Мынау 5 мың, анау 10 мың, ал сөредегі соңғы тұрғаны 13 мың десе, қу тілді Әзекең де:
– Еее, бұлар да ұстаздар сияқты екен ғой. Қазір 13 мың берсең «Ғасыр ұстазы», 10 мың берсең «Алаш ұстазы», 5 мың берсең «Ұлт ұстазы» болып шыға келесің. Айналайын, қызым, одан да ем болатынын берші, алыстан келген құрдасым еді, осы аман болсын – деген екен.
Интернет дүкенмен сөйлесу
Қыздарының киінуі көңіліне жақпай, алаңдаған Әзекең:
– Айналайындар-ау, базарда мынадан басқа көйлек жоқ па? – десе қыздары:
– Әке, біз мұны базардан алмаймыз. Қазір бәрі интернет дүкендерден киінеді, – деп жауап беріпті. Қыздарынан әлгі интернет дүкеннің сатушыларының  нөмірін алып, қоңырау шалған Әзекеңе арғы жақтан:
– Бізде адамның жасын ұзартатын мынадай дәрі бар, анадай шөп бар, – деген қызға:
– Қарағым, маған ештеңе керегі жоқ. Құдайдың берген өмірін сүрермін. Сендерде адамның жасын ұзартатын дәрі емес, қыздардың етегін ұзартатын көйлек бар ма? Етегі қысқа қыз барған жерінде енесінің тілін қысқартады, етегі ұзын қыз енесінің қолын ұзартады, – деген екен.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
08 сәуір 2019 ж. 728 0