28 сәуір – Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні

Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Болат Досымов, облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасы Мақсұт Нәлібаев және облыстық кәсіподақтар орталығы төрағасының орынбасары Марат Бәйімбетов айтты.
- Еңбек – біздің өміріміздің маңызды бөлігі. Әрбіріміз еңбегіміздің әділ бағаланып, ең бастысы, қауіпсіз ортада атқарылғанын қалаймыз. Жұмыс орнындағы жарақаттану мен жазатайым оқиғалардың алдын алу – баршамыздың ортақ міндетіміз. Жұмыс берушілер қауіпсіз еңбек жағдайын жасауға жауапты болса, қызметкерлер еңбек қауіпсіздігі ережелерін сақтап, өз құқықтарын біліп, тәуекелдерге жол бермеуі тиіс. Осы мақсатта облыс аумағында жазатайым оқиғаларға арнайы тергеп-тексеру жүргізілді. Департамент барлық жұмыс берушілерді еңбек қауіпсіздігін күшейтуге, алдын алу шараларын дер кезінде қабылдауға шақырады. Қауіпсіз еңбек – әр қызметкердің өмірі мен денсаулығының кепілі екенін естен шығармайық,-деді, Болат Бекайдарұлы.
- Әлем бойынша жыл сайын 28 сәуірде Халықаралық еңбек ұйымының бастамасымен Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні атап өтіледі. Бұл күн – өндірісте қаза тапқан, жарақат алған және кәсіптік аурулардан зардап шеккен азаматтарды еске алуға арналған маңызды күн. Ол өндірістік процестерде адамның өмірі мен денсаулығы әрдайым басымдықта болуы керек екенін тағы бір мәрте еске салады. Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігі 12 салалық кәсіподақтардан құралған, құрамында 1015 кәсіподақ ұйымы мен 96 812 мүшесі бар. Бүгінде облысымызда еңбек ұжымдарындағы әлеуметтік-еңбек жағдайларын тұрақтандыру мақсатында 16 кәсіпорында салалық кәсіподақтармен бірлесіп мониторинг жұмыстары жүргізілді. Біз алдағы уақытта да еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстарды күшейте береміз,-деді, Мақсұт Ыбырайханұлы.
- Бұл күн — жұмыс орындарында қауіпсіздік пен денсаулықты сақтау мәселесіне ерекше назар аударатын маңызды мереке. Еңбек — кез келген қоғамның негізі, дамудың бастауы. Біздің облысымыздың өркендеуінде өз қолтаңбасын қалдырып жүрген қарапайым еңбек адамдарының еңбегі ерекше құрметке лайық. Олар — таңның атысы, күннің батысы демей, өз ісіне адалдықпен қарап, экономикамыздың берік тірегі болып отырған нағыз қаһармандар. Облыстық кәсіподақтар орталығы тарапынан өндірістік жарақаттануды азайту, еңбек жағдайларын жақсарту бағытында бірқатар жұмыстар жүргізіліп келеді. Біздің мақсатымыз — әрбір еңбеккердің өз жұмыс орнында өзін қауіпсіз сезінуіне мүмкіндік беру. Осы мүмкіндікті пайдалана отырып, барлық еңбек адамдарын еңбектегі қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға, өз өмірлеріне жауапкершілікпен қарауға шақырамын, - Марат Серікбайұлы.