Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада биыл 18 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Қызылордада биыл 18 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылды

Қызылорда облыстық аумақтық кәсіподақтар бірлестігі 12 салалық кәсіподақ пен 1018 кәсіподақ ұйымдарын біріктіреді. Бұл облыс бойынша жұмыспен қамтылған халық санының 31,1 пайызын құрайды.
Биылғы жылы жаңадан 18 бастауыш кәсіподақ ұйымы құрылған. Кәсіподақ мүшелері саны сегіз жүзге жуық жұмыскермен толықты. Сондай-ақ 2021-2023 жылдарға арналған еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғауды қамтамасыз ету жөніндегі «Қауіпсіз еңбек» бағдарламасы бекітілген. Бұл жөнінде Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев мәлімдеді.
«Облыс көлемінде биыл үш жақты комиссиясының 6 отырысы өткізілді. Онда еңбек қатынастары мәселелері мен жазатайым оқиғалардың алдын-алу бойынша мәселелер қаралды. Аудандарда да облыстық үш жақты комиссияның көшпелі бірлескен отырыстары өткізілді. Сондай-ақ, 2021 жылдың 1 қаңтарында 5 828 мекеме мен кәсіпорындардың ұжымдық шарттары тіркелген. Бұл аймақта жұмыс істейтін барлық кәсіпорындар мен ұйымдардың санына шаққанда 70 пайызды құрайды. Биылғы жылдың 8 айында облыс бойынша еңбек қызметімен байланысты 28 жазатайым оқиға орын алды. Онда 43 жұмыскер зардап шексе 10 адам жұмыс барысында қаза тапқан. Жазатайым оқиғалардың негізгі себебі − еңбек қауіпсіздігін дұрыс жүргізбеу жағдайлары жиі кездеседі. Еңбек дауа бойынша облыстық кәсіподақтар орталығы күнделікті мониторинг бойынша ақпараттар жинақтап отыр. Қазірде аталған мониторингі бойынша кәсіподақ ұйымы бар 5 кәсіпорында әлеуметтік шиеленіс тәуекелдері қалыптасқан. Бұл мәселелер облыстық үш жақты комиссия отырыстарында қаралып, тиісті хаттамалық тапсырмалар берілген. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен тиісті алаңдарда, әлеуметтік әріптестік шеңберінде, қолданыстағы заңнамаларға сәйкес жұмыстар жүргізіліп жатыр», -деді Мақсұт Ыбрайханұлы.
Баспасөз конференциясында Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің бас маманы Майра Боранбаева құқықтық негіздегі тиісті заңнамалар бойынша түсіндіріп өтті.
“Заң клиникасы онлайн және оффлайн форматтарда жұмыс жасайды, Жұмыскерлерге арнайы құқықтық көмек көрсетіледі. Аумақтық кәсіподақтар бірлестігінде Татуластыру бөлмесі белгіленген. Яғни даулы мәселелерді кәсіподақтардың заң мамандары мен медиаторлар жіті тексереді. Олар тараптардың бітімге келуі мен заңнамалардың сақталуына жұмыс жасайды. Құқықтық көмек көрсетуде жергілікті сот органдарымен Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қызылорда облысы бойынша департаментімен қызметтік байланыс орнатылған. Жыл басынан бері 764 азаматқа тиісті заңнамалық кеңестер берілді. Соның ішінде аумақтық кәсіподақтар бірлестігімен 87 сұраққа жауап берілді», – деді Майра Қадырбекқызы.

kyzylorda-news.kz​​​
04 қазан 2021 ж. 301 0