Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Еңбек саласындағы әлеуметтік ахуал бойынша мәжіліс өтті

Еңбек саласындағы әлеуметтік ахуал бойынша мәжіліс өтті

Бүгін аудан әкімдігінің мәжіліс залында «Еңбек тәуекелдер картасы» ақпараттық жүйесіндегі тәуекел аймағындағы кәсіпорындарда туындауы мүмкін наразылықтардың алдын алу, әрі мерзімінде шаралар қабылдау мақсатында еңбек саласындағы ахуал бойынша мәжіліс өтті. Отырысты аудан әкімінің орынбасары Е. Әбішев жүргізді.
Мәжіліске қала, кент және ауылдық округ әкімдері, тиісті мекемелер мен кәсіпорын басшылары, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалық иелері және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері қатысты.
Сондай-ақ, жиынға Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Б. Жұмағұлов, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің бөлім басшысы Т. Жолымбетов және Мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің еңбек иснпекторы Д. Бектұрсынов арнайы келіп, еңбек жағдайлары туралы түсіндірме жұмыстарын жүргізді.
Күн тәртібіне сәйкес, мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің облыстық департаментінің еңбек инспекторы Досхан Мұсаханұлы баяндама жасады. Хабарламада еңбек саласындағы өзекті мәселелерге тоқталып, жұмыскерлердің еңбек жағдайлары мен қауіпсіздігін сақтау бағытында атқарылған бірқатар жұмыстарды баяндап өтті.  
Мұнан соң, Халықты әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің облыстық департаментінің бөлім басшысы Төреахмет Сайлаубайұлы сөз алып, әлеуметтік саладағы бақылау және реттеу жұмыстары мен жеке сектор кәсіпорындарындағы арнаулы әлеуметтік көмектер туралы мәлімдеді.
Жиын барысында мемлекеттік еңбек инспекциясы комитетінің Қызылорда облысы бойынша департаментінің басшысы Бектемір Ұлыбекұлы қолданыстағы заңға жаңадан енгізілген өзгерістерді түсіндірді.
Бірінші кезекте, әлеуметтік қорғау департаменті тарапынан кәсіптік зейнетақы қорынан төленетін 5 пайыздық арнайы әлеуметтік көмектің маңыздылығын айтып, осы мәселе бойынша облыстық әлеуметтік қорғау департаментіне жүгінуге болатынын атап өтті.
Сондай-ақ, ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі тарапынан «Еңбек тәуелкелдер картасы» арнайы жүйесі туралы да мәліметтер берді.
Мұнымен қоса, департамент басшысы жеке сектордағы азаматтардың міндетті түрде қолданыстағы заң бойынша қызметкерлерді жазатайым оқиғалардан сақтандыру керектігін айтып, орындалмаған жағдайда кәсіпорындар тарапынан төленетін айыппұлдар сомасын да айта өтті.
Кездесуде қатысушылар өз сұрақтарын қойып, ұсыныстарын білдірді. Мәжілісті қорытындылаған аудан әкімінің орынбасары еңбек қатынастары саласындағы заң талаптарын сақтау, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау және әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз ету бойынша бірлескен жұмыс жалғасатынын білдірді.

Арал ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі 
Фото: Арал ауданы әкімдігі
14 ақпан 2025 ж. 51 0