Әдебиет жанашырларымен кездесу кеші өтті

Алты алаштың алғы шебінде тұрған қасиетті топыраққа қадам басқан қазақ дарындыларының көш керуенін бұл жолы кеңестік және қазақ әдебиетінің дара ғалымы, филология ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Серік Негимов, ақын әрі журналист, көсемсөздің көшін сүйреген, елдің шындығын жырлап жүрген, “Түркістан” газетінің бас редакторы, ҚР Жазушылар одағының Астана филиалының директоры Бауыржан Бабажанұлы және танымал қаламгер, әдебиет зерттеушісі, филология ғылымдарының кандидаты, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің қауымдастырылған профессоры Қайырбек Кемеңгер одан әрі жалғады.

Жыр боп аққан Сырдарияның сағасындағы, теңіздің төскейіндегі қасиетті Арал өңірінде өткен рухани-мәдени кеш жоғарыда аттары аталған танымал есімдердің қатысуымен өрбіді. Аудандық мәдениет үйінде өткен «Қаламына қасиет ұялаған» атты рухани кешті жас ақын, Қазақстан Журналситер одағының мүшесі, аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы Айдар Сайлауов тізгіндеді.
Елге келген қонақтардың әрбір ойы – тереңнен маржан тергендей, әрбір пікірі – ұлттың жан-жүрегін дөп басқандай әсерлі болды. Бүгінгі шара – тек кездесудің емес, көрегендік пен келешекті сабақтастырудың алаңына айналғандай. Бір сәттік әсер емес, болашақ ұрпақтың санасына сәуле түсіретін, жүрекке ұялаған жылы леп есті. Жиналған жұртшылық тағы бір мәрте жақұт өнермен жанасып, әдеби биіктікке саяхат жасады.

Бұл кеште өлең де өрілді, күй күмбірлеп, сән салтанат құрды. Алаштың арғы-бергі тарихынан сыр шертіліп, сыбағалы сарқыт ой сабақты сөзбен жарасым тапты.
Кездесу барысында ауданға арнайы келген әдебиет жанашырлары өздерінің авторлық кітаптары мен көркем туындыларын аудандық орталық кітапханаға табыстап, естелік сый жасады.
Кеш соңында елге арнайы келген құрметті азаматтарға өз ризашылығын жеткізген аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев қазақ руханиятының көшін алға сүйреген аға буынның өмір жолы жайында естелік айтып, құрметті азаматтардың иығына зерделі шапан жауып, сый-құрмет көрсетті.
Жастарды ұлттың асыл құндылықтарымен қауыштырып, бабалар аманатын болашақпен жалғау мақсатында өткен ойлы кездесу елдігіміздің айнасы, рухымыздың дәрежесі екенін айғақтай түскендей.



Аудан әкімінің баспасөз қызметі
Фото: Арал ауданы әкімдігі