САРАТС жобасының екінші кезеңі қолдау тапты


Жалпы бүгінгі күні Сырдария өзені бойынша судың жағдайына байланысты талдау жүргізілді. Бұл мәселеге қатысты сала министрі өткен жылы және жыл басында Аралға арнайы келіп, мамандар мен сала ардагерлерінің пікіріне құлақ түрген-ді. Пікір саналуан болғанмен түйін бір. Салалық минситрліктің де елдің де ойлайтыны қайткенде Аралды суға толтырамыз деген толғақты түйін.
Солтүстік Арал теңізінде су жинақтаудың көлемі мен тиімділігін арттыру, су ресурстарын басқаруды жақсарту, балық шаруашылығы мен экотуризмді дамыту, өңірдің экологиялық жағдайын жақсарту бойынша маңызды бастамалар көтерілген басқосуда тиісті саланың түрлі мамандары өз пікірлерін білдірді.
Мамандардың пайымынша алдағы 30-40 жылдың шамасында су тапшылығы айтарлықтай сезіле бастайды. Қазірдің өзінде теңізге құяр дарияның көршілес мемлекеттерге тиесілі бөлігі түрлі себептермен бөгеліп, теңізге құятын мол су өз деңгейінде келмей отыр. Бұл шектеу жалғаса беретін болса қазіргі деңгеймен салыстырғанда теңіздегі су қоры 5 млрд текше метрге дейін түсуі мүмкін.
2000 жылдан бастап 2020 жылға дейін орта есеппен Сырдария өзені бойынша Шардара су қоймасына кем дегенде 17-18 млрд текше метр су келетін. 2020 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін бұл келіп жатқан су көлемі 13-14 млрд текше метрге түсті. Сарапшылардың айтуынша, Орталық Азияда 2040 жылға дейін су тапшылығы 12-14 млрд текше метр болады деген пікір бар. Сондықтан бірінші кезеңде суды сақтап қалу үшін Көкарал дамбасын биіктету мәселесі қолға алынуы керек. Нәтижесінде Солтүстік Аралдың су айдынының ауданы 3913 шаршы шақырымға дейін ұлғайып, су көлемі 34 текше шақырымға жетеді. Теңіздің бұл деңгейге дейін толуы үшін 4-5 жыл қажет. Қазіргі таңда бөгетті қайта жаңғырту жұмыстарын жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс 2026 жылы толық аяқталмақ.
Бұл мәселеге қатысты Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов:
– Біз қазір мынандай шешімге келіп отырмыз. Аманөткел гидроторабы міндетті түрде салынады. Себебі Арал маңындағы көлдер жүйесіне су беру үшін ондай нысан керек. Екіншіден, коллекторлық суды Үлкен Аралға жіберу үшін Қызылорда каналын жүргіземіз. Үшіншіден, Көкарал дамбасын тағы да 2 метрге көтеруді көздеп отырмыз. Осы жұмыстардың нәтижесінде қосымша 7 млрд текше метр су жинауға мүмкіндік туады. Егер қазір Көкарал тоспасының арқасында 27 млрд текше метр су жинақталса. Қазір 23,7 млрд текше метр су бар онда. Соңғы екі жылда Аралға 4 млрд текше метр су жеткіздік. Сонда қазіргі су жинақтау мүмкіндігі 27 млрд текше метр. Енді оған тағы 7 млрд текше метр сыйымдылық қосылады да, 34 млрд текше метрге жетеді. Келетін судың көлемі артып жатса, әрі қарай да жұмыс істейміз, – деді.
Дүниежүзілік банкпен де осы мәселелер жөнінде келіссөздер жүргізіліп, жоба-сметалық құжаттарын қайта әзірленуде. Ауқымды жоба биыл мемлекеттік сараптамадан өтсе, қаражат бөлу жұмыстарына қол жеткізілетін болады. Мұндай маңызды жобаға қаржылай қолдау беріп, жан бітіруге Дүниежүзілік банк өкілдері де ынталы. Бастаманы қолдауға әзір.
Самех Вахба Дүниежүзілік банк Солтүстік Аралдың сақталуына алдағы уақытта да қатысуға мүдделі екенін жеткізді.
– Бүгін біз балық өңдеу зауытын аралап, жобаны жүзеге асырғаннан кейін өңірде қаншама жұмыс орны ашылатынын өз көзімізбен көрдік. Сонымен қатар ауыл шаруашылығы, мал шаруашылығы және туризм сияқты басқа салаларда да жұмыспен қамту мүмкіндіктері пайда болады. Осылайша бұл жоба бүкіл өңір үшін жаңа экономикалық мүмкіндіктерге жол ашады. Солтүстік Аралды сақтау жобасы біз үшін өте маңызды, өйткені ол бүкіл әлемге тұтас бір экожүйені қалпына келтірудің нақты үлгісін көрсетеді, – деді Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия бойынша аймақтық директоры Самех Вахба.

Осы сынды ортақ жетістікті талқыға салған тараптар мемлекеттік маңызды нысан саналатын «Көкарал» бөгетінің басында нәтижелі келісімге келіп, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі жандандыруға уағдаласты.
Ақпарат көзі: syrboyi.kz
Фото: Арал ауданы әкімдігі