Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ АРАЛДА БОЛДЫ

ҚР СУ РЕСУРСТАРЫ ЖӘНЕ ИРРИГАЦИЯ МИНИСТРІ АРАЛДА БОЛДЫ

Кеше Арал ауданына ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов келіп, аудандағы су шаруашылығына қатысты мәселелермен танысты.
Ауданға келген министр алдымен Аманөткел ауылдық округі тұсындағы Қамыстыбас және Ақшатау көлдер жүйесін суландыру мәселесі бойынша Сырдарияның маңында болып, су торабын салу жобасына қанықты.
Осы арқылы Қамыстыбас, Ақшатау көлдер жүйесін қалпына келтіріп, 40,4 мың гектар болатын көлдер жүйесін сумен қамтамасыз етуге болады. Осылайша ауданның Сыр беткейіндегі халықтың өмір сүру сапасын жақсарту мәселесі күн тәртібінде тұр.

ҚР Су ресурстары және ирригация министрінің назарына ұсынылған бұл мәселеге қатысты министрлік тарапынан қолдау бар. Жұмыстың алғашқы легін бастандыру үшін тиісті қаржы бөлу мәселесін қарастыруға болатындығы айтылды.
Ескере кететін жайт, бұл жоба «Өңірлік дамыту және Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтіру» жобасының нұсқасында қарастырылған.

Мұнан соң, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов «Қамбаш» олимпиадалар және қосымша білім беру орталығына келіп, аудан тұрғындарымен жүздесті. Незігі мақсат – Аралға су әкелу. Сол мақсаттағы бірлескен жұмыстарды нақты қолға алып, Кіші Аралдың тіршілігін қайта жандандыру. Теңіздегі балық қорын молайтып, шаруашылықтың тамырына қан жүгірту. Міне, осы бағыттағы келелі басқосуда осы және өзге де мәселелер кеңінен талқыланды.

Жиында алдымен облыс әкімінің орынбасары Б.Жаханов аймақтағы су ресурстары ауқымды мәселе екенін айтып, сонау Жаңақорғаннан басталатын суармалы алқаптар мен су шаруашылығының түрлі тетіктері жайында сөз қозғады.
Айтуынша бүгінгі таңда Шардара су қоймасына жоғарыдан секундына 200 текше метр су түсіп, қоймадағы су көрсеткіші 3 млрд. текше метрді құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7 млн. текше метрге артық болып тұр. Осылайша Қызылорда облысының шекарасына кірген су көлемі 740 млн. текше метрді құрап отыр. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш артық екені байқалады. Бұл өз кезегінде аймақтың суармалы алқаптарын қамтумен қатар, өзен арқылы түскен артық суды теңізге жіберуге мүмкіндік молая түскен. Сәйкесінше, Арал теңізіне құйылатын судың мөлшері дәл қазіргі уақытта 65-75 текше метрді құраған. Міне, осындай көрсеткіштің орын алуына негізгі себепкер өткен жылы ғана құрылған Су ресурстары және иригация минстрлігі тарапынан жасалып жатқан жұмыстардың нәтижесі екені белгілі.
Сөз кезегін алған министр Н.Нұржігітов су саласындағы суды реттеу, оны пайдалану және қорғау мақастындағы жұмыс күші нығайтылып, жер-жердегі ұсыныстарға сәйкес министрліктің штаттық құрамы түрлі аймақтағы су мамандарымен толыққандығын жеткізді. Осылайша жұмыс жүйесі жандана түскен кезеңде барлық мүмкіндіктерді пайдалану арқылы маңызды ресурстың жұмысын жандандыруды қолға алып жатқандығын айтты. Қазіргі таңда Минстрлік 3 бағыт бойынша жұмыс істеу жүйесіне көшкен.
– Судың көлемі бір қалпында қалса да немесе азайса да экономиканың барлық салалары одан зардап шекпеуі керек. Жалпы айтқанда экономиканың барлық секторында жұмыс алға басуы керек. Қолға алынып жатқан су шаруашылығы туралы Кодекске біз осы талаптардың барлығын енгізіп жатырмыз. Негізгі мәселе, Президент ұдайы көтеріп жүрген су үнемдеу жұмыстарын жандандыру. Мейлі ол шаруашылықтар болсын, суармалы алқаптар болсын, техникалық мақсатта пайдаланылатын су қоры болсын барлығына үнем жасау бүгінгі күннің басты мәселесіне айналып келе жатыр, – деді министр.
Сондай-ақ еліміз бойынша ескірген гидротехникалық жүйелердің бірқатарын 2030 жылға дейін қайта жаңғырту жұмыстары да қолға алына бастайды. Ол жұмыстардың легіне жоғарыда айтып өткеніміздей, аймақ бойынша бірінші Қараөзек су қоймасын қайта жаңғырту болса, екінші Аманөткел тұсындағы Сырдария өзеніне су торабын салу мәселесі. Бұл жұмыстар алдағы уақытта нақты қолдау тауып, нәтижелі бастамалар жалғасын таба беретін болады.

Қазіргі таңда Арал теңізі үшін негізі жұмыс САРАТС жобасының екінші кезеңін жандандыру. Бұл мәселе де аталмыш министрліктің жіті назарында.
– Әрине Дүниежүзілік банкпен бірлесе қолға алынып жатқан жұмыстардың ең маңыздысы Кіші Аралды сақтап қалу жобасының екінші кезеңін жүзеге асыру. Бұл – үлкен жоба. Біз бүгінгі таңда ол жұмыстарды да жүргізіп жатырмыз. Қазіргі таңда Ислам банкі арқылы ауқымды жобаға қаражат бөлу мәселесі қарастырылып жатыр. Биылғы жылы шешіліп қалар деген жоспарымыз бар. Бәрі сәтімен болып жатса біз жұмысты кезең бойынша жүргізуді бастауға әзірміз, – деді ҚР Су ресурстары және ирригация министрі Н.Нұржігітов.
Осы және өзге де бағыттағы жұмыстар легін саралап өткен министр алдағы уақытта қолға алынатын ауқымды мәселелердің бір бөлігі осы Арал теңізіне, оның маңайындағы каналдар мен көлдер жүйесіне қатысты екенін атап өтті.
Жиын барысында теңіз тағдырына алаңдаулы бір топ зиялы қауым өкілдері мен балық, су шаруашылығы саласының ардагерлері тарапынан ұсыныс-пікірлер айтылды.
Бұрынғы балық шаруашылығы министрі, Қызылорда облысының, Арал ауданының Құрметті азаматы Қ.Саржанов, осы саланың ардагері, аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ә.Әйімбетов, балық шаруашылығы саласының ардагері Ж.Арынғазиев, Арал ауданының Құрметті азаматы, ҚР Балық шаруашылығының еңбек сіңірген қызметкері З.Ермаханов, Қаратерең ауылының ардагері М.Биманов және Аманөткел ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы М.Ералиев сынды ардагерлер теңіз және сол арқылы аудан экономикасына үлес қосып жатқан балық шаруашылығына қатысты өз ұсыныстарын министрдің назарына жеткізді.

Өз кезегінде ҚР Су ресурстары және ирригация министрі көтерілген мәселелердің барлығы назардан тыс қалмайтынын жеткізіп, аймақтағы су ресурстары мен оған қатысты салалар бойынша мүмкіндігінше жұмыстар атқарылатынын айтты.
Мұнан соң Ақбасты, Тоқабай, Абай елді мекендеріне жүргізіліп жатқан ауызсу тарту жұмыстарына қатысты туындаған мәселелер бойынша сол елді мекеннің тұрғындарына жеке қабылдау өткізді.
18 шілде 2024 ж. 132 0