Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралда «GEOPARK ARAL» сапар орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Аралда «GEOPARK ARAL» сапар орталығының салтанатты ашылу рәсімі өтті

Бүгін Аралда «ГеоПарк Арал» халықаралық ғылыми-практикалық конференциясының аясында «GEOPARK ARAL» сапар орталығының салтанатты ашылуы өтті.
Аталған нысан — тек инфрақұрылымдық жоба емес. Бұл — Арал өңірінің табиғи, тарихи, геологиялық, мәдени және экологиялық бай мұрасын сақтау мен танытудың, сондай-ақ халықаралық стандарттарға сай туристік орталық болмақ.

Сапар орталығының ашылу рәсіміне аудан әкімі Аманжол Оңғарбаев, ҚР Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясының атқарушы директоры Серікқали Мұқатаев, Қазақ ССР-інің тұңғыш балық шаруашылығы министрі болған, мемлекет және қоғам қайраткері Құдайберген Саржанов және халықаралық және отандық сарапшылар, ғылым мен экология саласының өкілдері қатысты.
Салтанатты шарада аудан әкімі келген қонақтарды құттықтап, жобаның аймақ үшін маңыздылығына тоқталды:
«Бүгін біз Арал өңірінің жаңа даму кезеңіне жол ашатын, яғни «GEOPARK ARAL» сапар орталығының салтанатты ашылу рәсімінің куәсі болып отырмыз. Сіздерді осы ерекше күннің ортақ қуанышына куә ретінде қарсы алып отырғанымыз – біз үшін зор мәртебе әрі шынайы қуаныш. Бұл – Аралдың жаңа тынысы, оның табиғи, тарихи және мәдени байлығын күллі әлемге паш етудің биік баспалдағы. Геопарк жобасы — өңіріміздің өткені мен болашағының алтын көпірі. Табиғи апаттың салдарын тек еске түсіріп отырумен шектелмей, сол тарихтан сабақ алып, оны танымдық, ғылыми, туристік тұрғыда пайдаға жаратуымыз керек. Біз Аралды халықаралық геобрендке айналдыруға ниеттіміз. Бүгін тұғырнамасы бекігелі тұрған «GEOPARK ARAL» этно-маршруттары болашақта өңіріміздің туристік инфрақұрылымын арттыруға, Арал теңізі бассейнінің қазақстандық бөлігінде туризмнің барлық түрлерін үйлестіруге, тұрғындардың әл-ауқатын жақсартуға, экологиялық жағдайдың оңалуына және жаңа жұмыс орындарын ашу сынды үлкен мүмкіндіктерге жол ашпақ. Алдағы уақытта біз бұл игі бастамаға әрдайым қажетті қолдау шараларын көрсететін боламыз» - деді.

Одан соң, жергілікті танымал суретші Берік Бөкешовтің Арал тақырыбындағы туындысы жаңа орталыққа тарту етілді.
Шара аясында ҚР Халықаралық Аралды құтқару қоры дирекциясының атқарушы директоры Серікқали Мұқатаев сөз сөйлеп, жобаның өңірлік ынтымақтастық пен тұрақты даму жолындағы маңызын атап өтіп, геопарк тұжырымдамасының экологиялық, әлеуметтік және мәдени мәселелерді шешудегі рөліне тоқталды.

Салтанатты сәтте ел ағасы Құдайберген Саржанов сөз алып, ақ батасын берді.
Мұнан соң, жаңа орталықтың лентасы кесіліп, келген меймандар орталықтың жұмысымен танысты.

Айта өтейік, «GEOPARK ARAL» – ЮНЕСКО жаһандық геопарктерінің қатарына енуге ниетті Қазақстандағы бірден-бір бастама. Бұл жоба экотуризмді дамыту, халықты экологиялық біліммен қамту, тұрақты табыс көзін қалыптастыру және Аралдың бай мұрасын келер ұрпаққа жеткізуді мақсат етеді. Қасиетті топырақтың қойнауында сақталған сыр мен шежіре енді әлемге геотуризм арқылы таныстырылмақ.

Арал ауданы әкімінің баспасөз қызметі 
Фото: Арал ауданы әкімдігі 

20 мамыр 2025 ж. 47 0