«XXI ғасырдың қаржылық триггерлері» тақырыбында форум өтті

Аймақ басшысы қоғамдағы күрделі мәселелерді талқылап, алдағы бірлескен маңызды міндеттерді айқындау мақсатында атқарылатын жұмыстарға тоқталды.
«Цифрлық шешімдер жылдам дамыған уақытта азаматтарымыздың құқықтарын қорғаудың, қаржылық сауаттылығын, құқықтық мәдениетін қалыптастырудың маңыздылығы артты. Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы халыққа арнаған Жолдауында: «Біздің қоғамымызда заң мен тәртіп үстемдік құруға тиіс. Бұл – бүкіл қоғамның, әр адамның қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты ең басты талап. Біз сонда ғана Әділетті, Таза, Қауіпсіз Қазақстанды құра аламыз», – деп нақты міндеттерді белгілеген болатын. Биыл 1 сәуірде Үкімет қаулысымен «Қоғамда заң мен тәртіп идеологиясын ілгерілету жөніндегі 2025 – 2030 жылдарға арналған тұжырымдама» бекітіліп, нақты міндеттер белгіленді. Өңірімізде Мемлекет басшымыздың «Заң мен Тәртіп» қағидасын іске асыруда Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментімен бірлесіп, кешенді шараларды қолға алдық. Жаңа бастамаларға әрдайым қолдау көрсетіп келеміз.

Басқосуда Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаменті басшысының орынбасары Руслан Сатыбалдиев, дінтанушы Нұрлан Асанов, айтыскер ақын Мұхтар Ниязов, Қызылорда облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің басшысы Аслан Кеңес баяндама жасап, қаржылық сауаттылықтың маңыздылығына тоқталды. Қоғам дертіне айналған құмар ойынға әуестіктің қауіпті екенін айтты.
Іс-шарада облыс тұрғындарының қаржылық сауаттылығын арттыру, қаржы пирамидалары мен лудоманияға қарсы күрестің алдын алу бағытында белсенді әрі нәтижелі еңбек еткен азаматтар облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі