Өңірлік инвестициялық штабтың отырысы өтті

Күн тәртібінде «Қорқыт Ата» арнайы экономикалық аймағына инженерлік инфрақұрылым тарту, инвестициялық жобалар, шағын өнеркәсіптік аймақтарды дамыту мәселелері қаралды.
Аймақ басшысы осыған орай сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
«Инвесторларға қолайлы жағдай жасау үшін арнайы экономикалық аймақты cыртқы және ішкі инженерлік инфрақұрылым желілерімен қамтамасыз ету қажет. Мемлекеттік қолдау шараларын егжей-тегжейлі зерттеп, инфрақұрылым жеткізу мәселесін заң аясында зерделеңіздер.
Қазіргі таңда елімізде шағын өнеркәсіптік аймақтарды салып, дамыту бойынша қарқынды жұмыс жүргізілуде. Көп жағдайда кәсіпкерлер өндіріс орнын ашу үшін стандартқа сәйкес келетін дайын ғимарат сұрайды. Облыстық экономика және қаржы, кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармалары «Байқоңыр» корпорациясымен бірлесіп, шағын өнеркәсіптік аймақтарды салуға қажет қаражатты жергілікті бюджеттен тарту мәселесін қарастырыңыздар»,– деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Жиында арнайы экономикалық аймақтың инфрақұрылымын дамыту туралы облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысы Дәурен Әбілқайыров баяндама жасады.

Айта кетейік, 2025 жылы өңірге 631,4 млрд теңге инвестиция тарту жоспарланған. Өткен 5 айдың қорытындысы бойынша 229,8 млрд теңге тартылып, өсім 27,1% болды. Оның 70%-ы – жеке инвестиция. Экономиканы әртараптандыруда 2025-2028 жылдары 89 инвестициялық жоба шеңберінде 11 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылады. Биыл 27 жоба жүзеге асады.
Ірі жобалар қатарында түрік инвесторы «Aksa Energy» салған жаңа жылу-электр орталығы, заманауи кірпіш зауыты, жылына 1,1 млн тонна қиыршық тас шығару және айна өндіру жобалары бар.
Сонымен қатар, «Марал Нұр» жолаушы вагондарын жөндеу кешені, түрік инвесторының «Орхун Медикал» медицина орталығы, кондитерлік және макарон өнімдері өндірісі, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ шығару зауыты, екі шағын өнеркәсіптік аймақ іске қосылады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі