Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Бүгін – Ұлттық Домбыра күні

Бүгін – Ұлттық Домбыра күні

Шілденің бірінші жексенбісі – қазақ халқының мәдени коды мен рухани болмысының бір бөлігіне айналған Ұлттық Домбыра күні. Бұл – дәстүр мен тарихты, өнер мен ұрпақ сабақтастығын ұлықтайтын маңызды күн, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Мемлекеттік деңгейде атап өтілетін бұл мереке 2018 жылы бекітілді. Содан бері еліміздің түкпір-түкпірінде бұл күн ұлттық рух пен өнерге тағзым ретінде кең көлемде аталып келеді.

Домбыра – қазақ халқының рухани жан дүниесінің бейнесі. Ол – тарихтың, ерліктің, мұң мен қуаныштың, ел мен жерге деген махаббаттың үнін жеткізетін қасиетті аспап.

Қос ішекке қонған күй – ата-бабаларымыздың аузынан ауызға жеткен шежіре іспетті. Күй – тек музыкалық туынды емес, ол – ой, философия, көзқарас, ұлттың жан дауысы.

Халқымыз "Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра" деп тегін айтпаған. Бұл – домбыраның ұлт болмысындағы орнын дәл бейнелейтін сөз.

Ұлттық домбыра күніне қарай еліміздің барлық өңірлерінде, облыс орталықтары мен ауыл-аймақтарда түрлі мәдени шаралар ұйымдастырылуда:

    Домбыра флешмобтары мен күй марафондары;
    Ашық аспан астындағы концерттер;
    Жас күйшілер байқауы мен домбыра шеберлерінің көрмесі;
    Қолөнер жәрмеңкелері, күй шеберханалары мен ұлттық киім фестивальдері.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлттық домбыра күнімен құттықтап, өскелең ұрпақтың домбыраға деген ықыласы ерекше екенін атап өткен болатын.

Домбыра – ұлттың жаны мен жүрегінің үні. Ұлттық Домбыра күні – ұлттық мәдениеттің қадірін білу, өткенге тағзым, болашаққа бағдар. Бұл – рухани жаңғырудың, ұлттың біртұтастығы мен өнерге деген құрметтің көрінісі.

Фото: baq.kz
06 шілде 2025 ж. 36 0