Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Партиялық бақылау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті

Партиялық бақылау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті

“АMANAT” партиясы Арал аудандық филиалы жанындағы партиялық бақылау комиссиясының кеңейтілген отырысы өтті. Жиынға партияның аудандық филиалының төрағасы Базарбай Шөменұлы Төрахметов, филиалдың Атқарушы хатшысы Талғат Мырзағұлұлы Қанатов, комиссия мүшелері мен жауапты мекеме басшылары қатысты.

Отырысты комиссия төрағасы Нұрсауле Сайлауқызы Ембергенова ашып, күн тәртібіндегі мәселелерді таныстырды. Комиссия жұмысының басты мақсаты – партиялық бақылауды күшейту, тұрғындар үшін өзекті мәселелердің шешімін табуға ықпал ету екені атап өтілді.

Ерекше жандарға қолайлы инфрақұрылым мәселесі
Алғашқы болып сөз алған Арал ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысының орынбасары Ануар Азбергенов ерекше жандарға қолайлы орта қалыптастыру бағытында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Ол әлеуметтік нысандар мен қоғамдық орындарда пандустар орнату, арнайы белгілерді көбейту, инфрақұрылымды бейімдеу бойынша қолға алынған шараларды баяндады. Бұл бағыттағы жұмыстардың сапасын арттыру қажеттігі айтылды.

Жылу маусымына дайындық барысы

Одан кейін аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің басшысы Жанқожа Құдайберген алдағы жылу маусымына дайындық барысы жөнінде есеп берді. Баяндамашы қазандықтар мен инженерлік желілердің жөнделуі, әлеуметтік нысандарға қажетті отын қорының жеткізілуі жөнінде мәлімет беріп, дайындықтың жалпы деңгейі талапқа сай екенін жеткізді. Сонымен қатар, комиссия мүшелері тарапынан бірқатар нақты ұсыныстар берілді.

Құқықбұзушылықтың алдын алу шаралары

Күн тәртібіндегі үшінші мәселе жасөспірімдер арасындағы құқықбұзушылықтың алдын алуға арналды. Бұл бағыттағы жұмыстар туралы аудандық полиция бөлімі бастығының орынбасары, полиция подполковнигі Талғат Лекеров пен білім бөлімінің бас маманы Ғалия Сейтова баяндама жасады.

Кеңейтілген отырыс соңында комиссия мүшелері көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасып, нақты ұсыныстар қабылдады. Жауапты мекемелерге тиісті тапсырмалар жүктеліп, олардың орындалуы партиялық бақылауда болатындығы ескертілді.
22 қыркүйек 2025 ж. 113 0