Облыста интернет-алаяқтардың алдын алу шаралары күшейтілді

- Жыл басынан бері облыс аумағында интернет-алаяқтыққа қатысты 118 қылмыстық іс тіркелді. Оның ішінде 41 іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру аяқталып, түпкілікті шешім қабылданды. Қазіргі уақытта ең жиі кездесіп отырған тәсіл – өзін банк қызметкері ретінде таныстырып, азаматтарды алдау. Мұндай жағдайда қылмыскер жәбірленушіге хабарласып, оның атындағы есепшотқа шабуыл жасалғанын немесе төлем картасындағы қаржысын жымқырып жатқандар бар екенін айтады. Кейін “қауіпсіз есепшотқа” қаражатты аударуды талап етеді. Сондай-ақ алаяқтар TeamViewer немесе AnyDesk сияқты арнайы бағдарламаларды жүктеп алуға көндіреді. Аталған қосымшалар арқылы олар жәбірленушінің телефонына қашықтан кіріп, банк қосымшасын толықтай басқара алады. Бұл ретте депозиттегі қаржыны шешіп алып қана қоймай, кез келген сомада онлайн несие рәсімдеп, түскен ақшаны өздерінің есепшотына аударып жіберу олар үшін қиын емес. Интернет-алаяқтықтың тағы бір кең тараған түрі - әлеуметтік желілерде жалған парақшалар ашып, тұрмыстық заттарды сату немесе қызмет көрсетуді уәде етіп, алдын ала төлемді алып жоғалып кету. Сондай-ақ, WhatsApp мессенджері арқылы таныстардың фотосын пайдаланып, қарызға ақша сұрау деректері де жиілеп отыр. Осыған орай тұрғындарымызға күдікті қоңыраулар мен хабарламалар түскен жағдайда ешқашан жеке деректерін бермеуді, банк картасы мен қосымшаға қатысты құпия кодтарды айтпауды ескертеміз. Ең бастысы - банк атынан хабарласқан белгісіз адамдарға сенбей, бірден ресми сенім телефондарына қоңырау шалған жөн,-деді Тимур Зуфарович.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі