Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда осы апта ішінде болған жаңа кадрлық тағайындаулар

Қазақстанда осы апта ішінде болған жаңа кадрлық тағайындаулар

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жалпы осы аптадағы тағайындаудың басым бөлігі өңір әкімдіктері мен прокуратура органдарына қатысты болды. ҚазАқпарат апта ішіндегі осы және өзге де кадрлық тағайындауларға дәстүрлі шолуын жасайды.
 Бұл аптаның ортасында Мұхтар Ерман Парламент Мәжілісінің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің жаңа төрағасы болды.
Естеріңізге сала кетейік, осыған дейін аталған комитетке Мәулен Әшімбаев төрағалық еткен. Жақында ол «Нұр Отан» партиясы Төрағасының Бірінші орынбасары қызметіне бекітілгеннен кейін, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитеті төрағасы лауазымының орны бос болды.
Ерман Мұхтар Тілдәбекұлы1963 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Қызылқұм ауданы «Темір» кеңшарында туған. С.М. Киров атындағы Қазақ мемлекеттік университетін (1986) бітірген.
Тарихшы, шетел тілінде оқытатын тарих пәнінің оқытушысы. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті (1998), заңгер. Еңбек қызметін 1986 жылы Алматы сәулет-құрылыс институтының ассистенті, тәлімгері болып бастады.
1993-1999 «Яшар холдинг» компаниясының өңірлік менеджері, Алматы қ. 1999-2005 «Алматыжарнама» МК директоры, Алматы қ. 2005-2006 «Асар» республикалық партиясы» РҚБ Орталық аппараты хатшысының орынбасары, хатшысы, Алматы қ. 2006-2008 «Нұр Отан» партиясы Орталық аппараты басшысының орынбасары, Астана қ. 03.2008-11.2008 «Нұр Отан» ХДП Орталық аппаратының хатшысы, Астана қ. 2008-2013 «Нұр Отан» ХДП Орталық аппараты басшысының орынбасары, Астана қ. 2013-2014 «Евразия» бірінші арнасы» ЖШС бас директорының бірінші орынбасары, Астана қ. 2014-2016 ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясы аппаратының басшысы, Астана қ. 2016 жылдан бастап - алтыншы сайланған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, ҚР Парламентінің Мәжілісіндегі «Нұр Отан» партиясы фракциясының мүшесі.
«Құрмет» орденімен, «Ерен еңбегі үшін», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 10 жыл», «Қазақстан Республикасының тәуелсіздігіне 20 жыл», «10 жыл Астана» медальдарымен марапатталған. 
***
Осы аптада  Дархан Мыңбай Парламент Мәжілісінің депутаты болып тіркелді.
Бұған дейін ол Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары, ҚР Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі қызметінде болды.
***
Аптаның басында  Алматы қаласының прокуроры болып Берік Қуанышбекұлы Жүйріктаев, Павлодар облысының прокуроры қызметіне - Қайрат Әлиханұлы Әбдіхановтағайындалды.
Б. Жүйріктаев 1978 жылы туған. 1999 жылдан бастап прокуратура органдарында жұмыс істейді. Алматы және Алматы облыстық прокуратурасында түрлі қызметтер атқарған. 2013 жылдан бастап - Алматы қаласы прокурорының бірінші орынбасары болған.
Қ. Әбдіханов 1972 жылы дүниеге келген. Прокуратура органдарында 1996 жылдан бастап қызмет атқарып келеді. Жамбыл аудандық және Талдықорған қалалының прокуратураларын басқарған. 2017 жылдың шілдесінен - Алматы облысы прокурорының бірінші орынбасары болған.
Сондай-ақ, Бас прокурордың 2018 жылдың 12 ақпанындағы бұйрығымен Ақтөбе облыстық прокурорының орынбасары қызметіне Ғалымжан Ниязбекұлы Тілеубаев пен Асқар Жейенайұлы Албытов, Ақтөбе прокуроры қызметіне -Рүстем Нәсіпқалиұлы Салкенов тағайындалды. 
***
Бұл аптаның соңына қарай Бас прокурордың 2018 жылғы 16 ақпандағы бұйрығымен Бас көлік прокуратурасында, Алматы, Павлодар, Маңғыстау және Оңтүстік Қазақстан облыстарында кадрлық тағайындаулар болды.
Прокуратура органдарының бірінші санаттағы кадрлық резервінде тұрған қызметкерлердің практикалық тәжірибесі мен басшылық өтілін ескере отырып, олар келесі лауазымға ұсынылды: Бас көлік прокурорының бірінші орынбасары қызметіне әділет кеңесшісі Жазира Аликқызы Нұрлыбекова тағайындалды.
Ол 1979 жылы туған. Ж.А. Нұрлыбекованың прокуратура органдарында15 жылдан астам жұмыс өтілі бар, оның 8 жылын Бас прокуратураның Орталық аппаратында істеген. Еңбек жолын Алматы облысы прокуратурасынан бастаған. Бостон университетінің түлегі, «Болашақ» халықаралық бағдарламасы бойынша Массачусетс штатында (АҚШ) оқыған. Қызметтегі жоғары жетістіктері үшін бірнеше мәрте ведомстволық наградалармен марапатталған.
Бұдан бөлек, Алматы облысы прокурорының орынбасары қызметіне әділет кеңесшісі Марат Серікұлы Тойжан тағайындалды. Ол 1977 жылы туған. М.С.Тойжанның прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі 20 жыл, Бас прокуратураның Орталық аппаратында да қызмет атқарған. Маңғыстау облысы прокуратурасында бірқатар қызметтерді, соның ішінде басшылық лауазымдарды атқарған. Заң ғылымдарының кандидаты. 2006-2012 жылдар аралығында Маңғыстау облысы Бейнеу ауданының және Жаңаөзен қаласының, 2016 жылдың маусымынан бастап Ақтау қаласының прокуроры қызметтерін атқарған.
Оңтүстік Қазақстан облысы прокурорының орынбасары қызметіне әділет кеңесшісі Ержан Ерғалиұлы Бөлегенов тағайындалды. Ол 1978 жылы туған. Е. Е. Бөлегеновтің прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі 18 жыл, оның ішінде Бас прокуратураның Орталық аппаратында 3 жыл қызмет атқарды. Еңбек жолын Астана қаласының прокуратурасында бастаған. 2009-2015 жылдары Астана қаласының Есіл ауданы және Ақмола облысы Көкшетау қаласының прокуроры қызметтерін атқарды. 2015 жылдан Павлодар қаласының прокуроры.
Маңғыстау облысы Ақтау қаласының прокуроры қызметіне әділет кеңесшісі Берік Жұмажанұлы Құлмағамбет тағайындалды. Ол 1981 жылы туған. Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі - 15 жыл. Прокуратура органында әртүрлі қызметте жұмыс атқарды, соның ішінде Алматы облысы және Астана қалалық прокуратурасында басшылық қызметте еңбек етті. 2015 жылдың сәуірінен бастап Бас көлік прокуратурасының Атырау көлік прокуроры лауазымында қызмет атқарды.
Павлодар қаласының прокуроры қызметіне әділет кеңесшісі Айдос Тұрсынжанұлы Шорманов тағайындалды. Ол 1978 жылы туған. Прокуратура органдарындағы жұмыс өтілі 17 жыл, соның ішінде Бас прокуратураның Орталық аппаратында 11 жыл қызмет атқарған. Соңғы аттестацияның қорытындысы бойынша жоғары лауазымға жылжытылды. Прокуратура органындарында әртүрлі қызметте жұмыс атқарды, соның ішінде Алматы қаласында және Бас прокуратурада басшылық лауазымдар атқарған.
Жаңадан тағайындалған қызметкерлер төменгі лауазымдардан бастап, прокуратура органдарының барлық қызметтік сатыларынан өткен.
***
ҚР Инвестициялар және даму министрлігі Азаматтық авиация комитеті төрағасының орынбасары қызметіне Айбек Әлжанов тағайындалды.
Айбек Қуанышұлы 2003 жылы Санкт-Петербург инженерлік-экономикалық университетін бітірген. 2005-2007 жылдар аралығында ҚР Президенті жанандағы Мемлекеттік қызмет академиясында білім алды.Соңғы 10 жыл көлемінде  «Еуро-Азия Эйр» әуе компаниясында жұмыс істеді. Соңғы лауазымы «Еуро-Азия Эйр» компаниясы басқарма төрағасының орынбасары. Айбек Әлжанов ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитетінің экономикалық блогына жетекшілік етеді.
***
Аптаның басында ШҚО әкімі Даниал Ахметов кеңейтілген аппарат жиналысында өзінің жаңа орынбасарын таныстырды. Бұл қызметке бұрын ШҚО Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы болған Сматлаев Алмасхан Бауыржанұлытағайындалды. Ол Ресей Федерациясының Үкіметі жанындағы Қаржы университетін және Блумберг университетін (Пенсильвания, АҚШ) бітірді. «Экономика», «халықаралық экономика» және «қаржы және кредит» мамандықтары бойынша төрт жоғары білімі бар. Сонымен қатар ол мемлекеттік және муниципалдық басқару магистрі болып табылады. 2009-2011 жылдары - «Корал Групп» компаниясы бас директорының орынбасары болып қызмет етті. 2011-2012 жылдары - «Сервис и Технологии ИНВЕСТ» компаниясының бас директоры. 2012-2014 жылдары - Еуразиялық экономикалық комиссиясында кеңесші.
Бұдан бөлек, осы қызметті атқарған Омаров Ринат Мұратұлы енді ШҚО әкімінің аппаратын басқарады.   
Ринат Омаров 1973 жылы 14 ақпанда Алматы қаласында дүниеге келген. 1998 жылы «Бухгалтерлік есеп және аудит» мамандығы бойынша Қазақ мемлекеттік аграрлық университетін тәмамдады және Д.Қонаев атындағы гуманитарлық көлік және құқық университетінде «Электрэнергетикасы» мамандығы бойынша техника ғылымдарының магистрі білігін алды. Ғылыми атағы - саясат ғылымдарының кандидаты.
***
Бұл аптада Маңғыстау облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысы болып Құсбеков Дүйсен Темірұлы тағайындалды. Дүйсен Темірұлы 1962 жылы Қарағанды облысында туған, білімі жоғары, «заңгер» мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1992 жылы Қарағанды облысының Шахтинск қалалық прокурорының аға көмекшісі, прокурор орынбасары қызметтерінен бастаған. 2017 жылдың қыркүйек айынан бастап Маңғыстау облысы әкімдігінің Іс басқармасы бастығының орынбасары қызметін атқарды. 
***
Жамбыл облысы әкімінің 2018 жылғы 15 ақпандағы №40-Ж/Қ өкімімен Алдамжаров Нұрлан Жанұзақұлы Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Нұрлан Жанұзақұлы 1975 жылы туған, білімі жоғары. 1999 жылы Ташкент инженерлік ирригация және ауыл шаруашылығы механизациялау институтын «инженер-гидротехник» мамандығы бойынша бітірген. 1999-2008 жылдары мемлекеттік және коммерциялық ұйымдарда; 2008-2012 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасында жетекші маман, бас маман; 2012-2014 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасында бас маман, бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары болған.  2014-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және жолаушылар көлігі басқармасының басшысы; 2015-2016 «Нұр Отан» партиясы орталық аппаратының  партиялық бақылау қызметінің басшысы; 2016 жылдан ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі  Су ресурстар комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған.  
***
Алматы қаласы әкімінің өкімімен білім, тілдерді дамыту, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар, мәдениет және мұрағаттар басқармаларының жаңа басшылары тағайындалды.
Алматы қаласы білім басқармасының басшысы болып Гүлнар Қожабергенова бекітілді. Ол өзінің педагогтық қызметін 1985 жылы Алматы қаласындағы С. Шәкіров атындағы мектеп-интернатта бастаған. Түрлі жылдары қаланың бірқатар мектептерінде мұғалім, директордың орынбасары, директор, сонымен қатар Алмалы, Жетісу, Әуезов аудандарында білім бөлімінің басшысы болған.
Бұрын білім басқармасының басшысы болған Рахат Шимашева енді Алматы қаласы тілдерді дамыту басқармасына жетекшілік етеді.
 Өз кезегінде аталған басқармаға басшылық еткен Мамай Ахетов қала әкімінің кеңесшісі болып тағайындалды.
Бұлардан өзге, мәдениет және мұрағаттар басқармасының басшысы да ауысты. Бүгінгі күнге дейін Ханзада Есенова қалалық мәслихаттың депутаты болды, ұзақ жылдар бойы А. Қастеев атындағы бейнелеу өнері және техникалық дизайн мектебінің директоры қызметін атқарған.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының, басшысы болып Мейіржан Отыншиев тағайындалды. Ол түрлі жылдары жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасында бас маман, бөлім басшысы болып істеген, соңғы 3 жылда осы басқарма басшысының орынбасары болған.  

***

Батыс Қазақстан облысында қос бірдей басқарманың басшысы ауысты.
«100 нақты қадам» Ұлт жоспарында көрсетілген меритократия қағидасына сәйкес конкурстық комиссияның шешімімен БҚО мемлекеттік сатып алу басқармасының басшысы лауазымына Бибігүл Ниетқалиева тағайындалды.
Бибігүл Әбдіғалиқызы 1973 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, 1994 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын бухгалтер экономист мамандығы бойынша тәмамдаған. Әр жылдары Орал қаласы қаржы бөлімінің бас маманы, сектор меңгерушісі, бөлім басшысының орынбасары, экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімінің басшысы қызметін атқарды. Бүгінге дейін БҚО мемлекеттік сатып алу басқармасы басшысының орынбасары болды.
Сонымен қатар Айгүл Бақытжанқызы Салахатдинованың зейнетке шығуына байланысты Дулат Имашев БҚО қаржы басқармасының басшысы болып тағайындалды.
Дулат Бауыржанұлы 1978 жылы дүниеге келген. Білімі жоғары, 1999 жылы Батыс Қазақстан ауыл шаруашылығы институтын экономист менеджер мамандығы бойынша бітірген. Д.Имашев әр жылдары БҚО қаржы басқармасында жетекші, бас маман, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі медициналық қызметтің сапасын бақылау комитеті БҚО бойынша басқармасында бас маман, БҚО ауыл шаруашылығы басқармасында бөлім басшысы, басқарма басшысының орынбасары, БҚО экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасында басшының орынбасары қызметтерін атқарды. Осыған дейін БҚО құрылыс басқармасы басшысының орынбасары болды.
***
Аптаның ортасында Атырау әкімі Серік Шапкеновтің бұйрығымен қала басшысының жаңа орынбасары тағайындалды. Бұл қызметке бұдан бұрын ҚР Ұлттық экономика министрлігі Табиғи монополияларды реттеу және бәсекелестікті қорғау комитетінің Атырау облыстық департаментінің басшысы болған Нұрлан Таубаев бекітілді. Н. Таубаев Атырау мұнай және газ институтын тау инженері мен геолог мамандығы бойынша тәмамдаған. Сондай-ақ заңгер мен экономистің де дипломдары бар. 

***

Өтіп бара жатқан бұл аптада Астана қаласы Есіл ауданының әкімі лауазымына Төлеген Закарьянов тағайындалды.
Төлеген Қабыкенұлы Закарьянов, 1961 жылы туған, Қарағанды мемлекеттік университетін, С.Сейфуллин атындағы Қазақ мемлекеттік агротехникалық университетін бітірген. Заңгер, экономика бакалавры мамандықтары бар, экономика ғылымдарының кандидаты. Еңбек жолын Целиноград облыстық Халық депутаттары кеңесі Атқару комитеті Ішкі істер басқармасы Кеңестік АІІБ тергеушісі болып бастаған.
Көкшетау облыстық Халық депутаттары кеңесі Атқару комитеті Ішкі істер басқармасының аса маңызды істер жөніндегі тергеушісі, аға тергеуші қызметін атқарған.
Солтүстік Қазақстан облысы Тимирязев ауданының әкімі (2005-2007), Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы (2007-2008), Павлодар облысы әкімінің орынбасары (2008-2010), Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі Аймақтық даму комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін атқарған; 2013-2015 жылдары Петропавл әкімі болды.
***
 «Сейсмология институты» ЖШС-ның директоры болып Досым Сулеев тағайындалды. Ол қызметіне 24 ақпаннан бастап кіріседі.
71 жастағы Досым Сүлеев ҚР ҰҒА президиум мүшесі. Ол 1947 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында дүниеге келген. Сондай-ақ, Досым Сүлеев «Дос-Мұқасан» ансамблін құрушылардың бірі ретінде танылған.
***
ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің 2018 жылғы 12 ақпандағы бұйрығымен Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, театр режиссері Асхат Маемиров М.Әуезов атындағы Қазақ  Мемлекеттік академиялық драма театрының директорлығына тағайындалды.
Ол - Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, философия ғылымдарының докторы (PhD), «Болашақ» Президенттік стипендиясының иегері, Т.Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының түлегі. 2008 жылы Сорбона университетінің магистратурасында білім алып, Франциядағы Париж Ұлттық драма өнері консерваториясында тағылымдамадан өткен. 2010 жылы Мәскеудің атақты жоғарғы оқу орны ГИТИС-те - Ресей театр өнері академиясында «Режиссура магистрі» ғылыми атағын алды. 2015 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық өнер академиясының докторантурасын тәмамдап, «Қазақстанның театр режиссурасы: сабақтастық пен жаңашылдық (1991-2015 жж.)» тақырыбында докторлық диссертациясын қорғап, «Философия докторы» ғылыми дәрежесіне ие болды. 
17 ақпан 2018 ж. 1 674 0