Аралда 40-тан астам экологиялық жоба жүзеге асырылып жатыр
Арал теңізі бассейнінде 40-тан астам экологиялық жоба жүзеге асырылып жатыр. Астанада Қазақстанның төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының екінші отырысы өтті, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Астанада Қазақстанның төрағалығымен Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының екінші отырысы өтті. ҚР Премьер-министрінің орынбасары Қанат Бозымбаевтың төрағалығымен өткен іс-шараға Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов, Өзбекстан Президентінің кеңесшісі Шухрат Ганиев, Тәжікстан Премьер-министрінің орынбасары Сулаймон Зиезода және Түрікменстанның Ауыл шаруашылығы министрі Чарыяр Четиев қатысты.
Бақылаушы ретінде Қырғыз Республикасының Су ресурстары, ауыл шаруашылығы және қайта өңдеу өнеркәсібі министрлігінің Су ресурстары қызметі директорының орынбасары Абдыбай Жайлообаев қатысты.
Кездесуде тараптар келесі жылы сәуір айында өтетін Халықаралық Аралды құтқару қорына мүше мемлекеттер басшылары кеңесінің отырысына дайындық барысын, сондай-ақ Қазақстанның 2024-2026 жылдардағы төрағалығы кезеңінде Атқарушы комитеттің жұмыс жоспарының орындалуын талқылады.
Отырысқа қатысушылар Арал теңізі бассейні елдеріне көмек көрсету жөніндегі іс-қимыл бағдарламасының және Орталық Азияның тұрақты дамуы үшін қоршаған ортаны қорғау жөніндегі өңірлік бағдарламаның орындалу барысын талқылады.
Сондай-ақ олар Халықаралық Аралды құтқару қорының ұйымдық құрылымы мен құқықтық базасын жетілдіру жөніндегі жұмыс тобының қызметін қарастырды.
Қазіргі уақытта Арал теңізі бассейнінде 42 экологиялық жоба іске асырылып жатыр. Сонымен қатар Дүниежүзілік банктің қолдауымен екі аймақтық гранттық жобаны бастау мүмкіндігі пысықталуда.
Отырыста қатысушылар Халықаралық Аралды құтқару қоры Атқарушы комитетінің 26 наурызды Арал теңізі, Әмудария және Сырдария өзендерінің халықаралық күні деп жариялау туралы ұсынысын назарға алды.
Кездесу соңында Халықаралық Аралды құтқару қоры басқармасының шешімдеріне қол қою рәсімі өтті.
Бүгін Орталық Азияның экологиялық тұрақтылығын қамтамасыз етуге бағытталған кең ауқымды мәселелер қаралды. Халықаралық Аралды құтқару қоры – өңір елдерінің ортақ мүдделерін ескере отырып, кешенді шешімдер қабылдауға мүмкіндік беретін маңызды алаң. Аралды сақтау, трансшекаралық су ресурстарын тиімді басқару және өзге де өзекті мәселелер барлық тараптың тығыз ынтымақтастығын қажет етеді, – деді Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов.
Фото: baq.kz










