Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Фототілші Болат Омарәлиевтің бұрын еш жерде жарияланбаған суреті байқауда топ жарды

Фототілші Болат Омарәлиевтің бұрын еш жерде жарияланбаған суреті байқауда топ жарды

Сырдың сырлы фотошежіресін жасаған  белгілі фототілші Болат Омарәлиевтен сүйінші хабар жетті. 


 Табан аудармай жарты ғасыр бір жерде еңбек еткен, дамылсыз іссапарларда жүріп, аймақтың тарихи сәттерін таспаға түсірген ағамызды әріптесім Ғазиза ақын "жұмбақ жан" дейді.  

 Сол ағамыз тағы бір мәрте байқау жүлдегері атаныпты. Қуанып қалдық. Бөкеңе мұндай байқаулар әсте таңсық емес! Өйткені, ол бұған дейін де талай-талай республикалық байқауларда өзгелерден озды. Тіпті кешегі кеңес дәуірінде одақтық байқаудың жүлдегері атанғаны бар.

Бұл жолы «Сыр бойы» басылымының ардагері осыдан 44 жыл бұрын түсірген, еш жерде жарияланбаған суреті «Ауыл» ХДП ұйымдастырған республикалық «Ауыл нақыштары» фотоконкурсының жүлдесін қанжығасына байлапты. Елордада аталған партияның төрағасы Ә.Бекетаев жүлдені ардагер ағамыздың қызына табыс еткен. Қуанышты бөліссең, көбейеді. Енді, міне қалың оқырманнан сүйінші сұрамақпыз.
Айтпақшы, Бөкеңе қусырып қарап отыру мүлде жат. "Зейнеттемін" демейді. Бай архивін ақтарып, сирек суреттерін әлеуметтік желіде жарқырата жариялап отырады. Көненің көзіндей суреттерге қарап отырып, аңыз адамның «өй, түріңнен сол» дегенін сағынғанымды бағамдаймын.
syrboyi.kz
26 сәуір 2019 ж. 868 0