Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Халықаралық байқау жүлдегері

Халықаралық байқау жүлдегері

Қазақтың қасиетті қара домбырасының күмбірлеген үні, одан төгілген сиқырлы сазы қай жанды болмасын өзіне баурап, ессіз елітетіні даусыз. Осынау қазынамыздың дауысы даланы жаңғыртып, әлі күнге дейін желісі бір үзілмей, дәстүрлі өнер дамытылуда.
Кешегі атадан балаға мирас боп қалған мұра іспетті ұлттық өнердің көкжиегін кеңейткен жастарымыз қаншама! Солардың бірі – қаладағы №14 мектеп-лицейінің 10 сынып оқушысы Гүлімхан Бауыржан.
Ол жуырда ғана мәдениет пен өнердің ордасына баланған Алматы қаласында аралдық өнерпаздардың абыройын тағы бір асқақтатты. Яғни, алғашқы рет өткізіліп отырған І Халықаралық «Қазақстан таланттары» рухани-патриоттық байқауында топ жарып, домбыра бағыты бойынша І дәрежелі лауреат, ал аспапта орындаушылық қабілеті бойынша ІІ дәрежелі лауреат атанып қайтты.
Жастайынан қос ішектен төгілген сазды жүрегіне жақын сезінген талапты жас, домбыраға деген қызығушылығы арқасында талай мәрте жоғары деңгейлі байқауларда топ жарып жүрген оқушыны сөзге тартқанымызда:
– Мен қазақтың өнеріне, мәдениетіне, әсіресе, қос ішек пен 9 пернеден-ақ бүкіл әлемді әуенге бөлерлік дүние тудыратын домбыраға кішкентай кезімнен-ақ үйір болдым. Мені үлкен өнерге баулып, қанатымның қатаюына барынша көмегін берген өнердегі ұстазым Гүлмайра Омаралиеваның еңбегі дер едім, – деп, өзінің ұстазына деген ерекше құрметін білдірді.
Ал, өнерлі жастарды танып, 26 жыл бойы тынымсыз еңбек істеп жүрген домбыра аспабының жоғарғы дәрежелі мұғалімі Гүлмайра Омаралиева:
 – Гүлімхан өнерді жүрегімен сүйеді. Оның талпынысы, көздегеніне жетуге деген ынтасы ерекше. Өткен жылы Ақтау қаласында өткен «Каспий жұлдызы» байқауының І орынын бағындырып қайтса, биылғы жыл тіпті жемісті басталды. Қазақтың ұлы күйші-композиторы, аспапты музыка өнерінің классигі Құрманғазы Сағырбайұлының 200 және Астана қаласының 20 жылдығына арналған аудандық байқауда бас жүлде жеңіп алса, енді міне, Халықаралық байқауды бағындырып тұр, – деді мақтаныш сезіммен.
Оңталап ЖОЛДАСОВ.
03 шілде 2018 ж. 1 123 0