Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі

БИШІ ЗЕРЕ

Кейіпкеріміз Зере жастайынан биге жақын болды. Телеарнадан би бағдарлама беріліп жатса, көз алмай қарап, «ертең өскенде биші боламын» деп қиялға берілетін.
  Көкейдегі арзу арман 2005 жылы оны аудандық әуез мектебінің хореография сыныбына қосымша оқуға алып келді. Бұл кезде Зере Айсина кент орталығындағы №210 О.Әбілпаттаев атындағы орта мектептің 2-ші сыныбында оқитын. Содан бастап хореограф-оқытушы Г.Өтебасованың би сыныбында оқыды. Сол жылдары әуез мектебінің би сыныбы жақсы қалыптасып, тәрбиеленушілері аудандық, об-лыстық байқауларда жүлделі орындардан көрініп жүрді. Әсіресе, бұл байқауларда Зеренің биге деген зеректігі таныла бастады.
  Алдымен талапты жас Алматы қаласында 2008 жылы өткен «Бозторғай» Халықаралық балалар байқауына қатысып, дипломант атанды. Ал 2009 жылы балғын биші Астана қаласы әкімдігі мен қалалық мәдениет басқармасының ұйымдастыруымен өткен республикалық «Бал бөбек» байқауында бас жүлдені жеңіп алды.
  «Ұстазы жақсының ұстамы жақсы» дегендей, білікті хореограф Гүлшат Өтебасованың жетекшілігімен жас бишінің жеңісті жолы мұнан кейін де жалғаса түсті. Араға екі жыл салып 2011 жылы Шымкент қаласында өткен «Балауса» республикалық байқауында тағы да бас жүлдені иеленді.
  Зере Айсина 2015 жылы аудандық әуез мектебі би класының толық курсын аяқтап, арман қуып облыс орталығындағы – Қызылорда қаласындағы Қазанғап атындағы музыкалық колледждің хореография бөліміне оқуға түсті. Жас биші колледж қабырғасында да би өнерінің қыр-сырына қанығып, білімін одан әрі ұштай түсті. Сол студент күнінде Қазақ хандығының 550 жылдығына орай Астана қаласының Бейбітшілік сарайында өткен республикалық «Ұлттық дельфий ойындары» байқауында үшінші орынды иеленді. Сондай-ақ, Алматыда өткен «Өрлеу» халықаралық байқауында лау¬реат атанды. Өнерімен өрге жүзген өнерпаз Кипр республикасының Рамагуста қаласында өткен бүкіл Дүние жүзілік би фестиваліне қатысу құрметіне ие болды. Жас күнінен би өнеріне деген қызығушылық Зерені осындай биіктерге самғатты.
З.Айсина 2017 жылы арнаулы оқу орнын бітіргеннен кейін өзі бір кезде тәлім алған аудандық әуез мектебіне мамандығы бойынша хореограф болып жұмысқа орналасты. Балаларға би өнерінің құдіретін ұғындыра жүріп, Зере республикалық байқауларға қатысуын жалғастырып келеді. Биылғы жылдың наурыз айында Алматы қаласында өткен «Атадан – мұра» республикалық байқауында, сондай-ақ, Шымкент қаласында ұйымдастырылған «Жұлдызға жол» республикалық байқауында қатысып, қос бәйгенің де бас жүлдесін жеңіп алды.
   Сонымен қатар ол ауданның қоғамдық өміріне де белсене араласады. Биылғы жылдың Ұлыстың Ұлы күнінде орталық алаңда сахнаның «Көктем биімен» ашылуына қатысты. Жас биші өз жанры бойынша бірнеше сертификаттардың иесі. Онда «Классикалық би жөнінде» Қазақстан Хореографтар Одағының, Қазақстан таланттары «Халық биі стилизациясы» бойынша «Шығармашылық дамыту» орталығының және т.б. сертификаттар бар.
  Би өнерінде биік белестерді бағындырып, аймағымыздың намысын ту қылып жоғары ұстап жүрген жас талантқа шығармашылық табыс тілейміз.

Шаhарбек НҰРСЕЙІТОВ,
Сырдария ауданы
10 сәуір 2018 ж. 2 427 0