Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Дариға Назарбаева: Біздің ортақ мақсатымыз - азаматтардың өмір сапасын арттыру

Дариға Назарбаева: Біздің ортақ мақсатымыз - азаматтардың өмір сапасын арттыру

Жергілікті мемлекеттік басқару органдарының қызметін нақты мазмұнмен байыту және жергілікті өзін-өзі басқаруды толыққанды жұмыспен қамтамасыз ету керек. Парламент Сенатының төрағасы Дариға Назарбаева Нұр-Сұлтанда өткен кездесуде елорда мәслихаты депутаттарының алдына осындай міндеттер қойды. 
«Қолданыстағы заңнама жергілікті билік органдарына айтарлықтай өкілеттік береді. Бюджет қаражатын жұмсаудың басымдықтарын анықтау, қолда бар қаржы ресурстарын дұрыс бөлу, жергілікті бюджеттің орындалуын бақылау мәслихат депутаттарына байланысты», - деді Сенат спикері.  Мәслихат хатшысы Жанат Нұрпейісов мәслихаттың көшпелі комиссиясы тұрақты түрде жұмыс істейтінін әрі жария тыңдаулар қарсаңында нысандарға барып, елорда тұрғындарымен кездесетінін және қаланың жай-күйінің нақты бағасын алатыны туралы хабардар етті. Астаналық мәслихат депутаты Рамзия Өмірбаева қаланың әлеуметтік саласын жақсарту жолында жасалған депутаттық бастамалар туралы айтты. Сенат төрағасы мәслихаттар қызметін дамытудың өзекті мәселелерін егжей-тегжейлі талқылағаннан кейін үлестік құрылыстардың мәселелері, халықтың әлеуметтік әлсіз топтарын тұрғын үймен қамтамасыз ету, қалалық инфрақұрылымды жақсарту және басқа да жедел шешуді талап ететін бірқатар өзекті мәселелерге шараға қатысушылардың назарын аударды. «Біздің ортақ мақсатымыз - азаматтардың өмір сүру деңгейі мен сапасын арттыру. Адамдар жақсы жаңалықтар мен өзгерістерді күтеді. Және ертең емес, бүгін күтіп отыр», - деді Д. Назарбаева. Сенат басшысы маңызды мемлекеттік бағдарламаларды халық арасына жеткізу мен хабардар ету жұмыстарының нашар екенін атап өтті. Д.Назарбаеваның пікірінше, бұл жергілікті әлеуметтік қызметтердің жұмысындағы олқылықтар болып табылады. Сенат спикері халықтың тұрғын үй мәселесін шешу үшін бюджеттік тұрғын үй мен жатақхана салуға кәсіпкерлерді тартуды ұсынды. Сондай-ақ аудиттің тәуелсіздігі мен тиімділігі және аймақтардағы тексеру комиссияларының бақылау міндеттерін қамтамасыз етудің қажеттігі атап өтілді. «Жоғарғы палатаның басшысы мәслихат депутаттарын заң жобаларын әзірлеуге белсенді қатысуға, оларды іске асыру кезеңінде өз ескертулері мен ұсыныстарын беруге, ал сенаторларға - сайлаушылардың нақты проблемаларын білу және оларды жедел шешу үшін мәслихат депутаттарымен жиі қарым-қатынас жасауға шақырды», - делінген ҚР Парламент Сенаты баспасөз қызметінің мәліметінде.
https://www.inform.kz
26 сәуір 2019 ж. 887 0