Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аралдың тұзы косметикаға да қолайлы

Аралдың тұзы косметикаға да қолайлы

Аралдың тұзы косметикаға да қолайлы
Бәсекеге қабілеттіліктің бір көрінісі – ғылымның дамуында. Қазіргі таңда елімізде ғылыми институттар мен зерттеу орталықтары әлем елдерімен бәсекеге қабілеттілікті арттыру мақсатында көптеген келелі жұмыстар жасалып келеді. Оған қолайлы жағдай жасалған. Тіпті десеңіз шикізат көзін де елімізден табылатынын дәлелдеп отыр.
Осындай ақжолтай жаңалықтардың бірі жақында ғана теледидар бетінен қылаң берді. Қуаныштысы Аралдың тұзы мен топырағы негізгі шикізат көзіне айналмақ.
Нақтырақ айтар болсақ, Шымкенттік ғалымдардың жобасы бойынша Арал мен Созақтың тұзы, күнгейде өсетін адыраспанмен қатар шатыраш шөбі мен түймешетеннен алдағы уақытта ваннаға арналған тұз, скрабтың табиғи құрамы жасалмақ. Сонымен қатар, Арал теңізі топырағын да кәдеге жаратпақ ниетте. Аталған топырақтың көмегімен түрлі нәрлендіргіштер мен қызыл иектің қанауына қарсы дәрі-дәрмектер және осы уақытқа дейін Қазақстанда шықпаған тырнақ қатайтатын түрлі дәрумендер жасалады деп жоспарлануда.
Биология ғылымдарының докторы Ақмарал Исаеваның айтуынша:
– Біз жоба аясында көптеген жұмыстар жүргіземіз. Алдымен жұмысты жүргізу үшін қанша маман қажетін, қандай құралдардың керектігін және технологиялық нұсқалары қандай болатынын зерттейміз. Осылардың барлығы дайындалғаннан кейін коммерцияландыруға кірісеміз. Ғылымда коммерцияландыру – бұл тауарларды немесе қызметтерді максималды коммерциялық тиімділікпен сату үшін тауарларды өндіруде немесе қызмет көрсетуде ғылыми зерттеулер мен әзірлемелерді практикалық қолдану болып табылады, – дейді.
Шымкенттің жас ғалымдары Аралдың экологиялық ахуалын жақсарту, адамзат денсаулығына зиянын азайту бағытындағы жиында Шымкенттің жас ғалымдарына аталған қиындықтарды сұлулық жолымен шешу идеясы келген. Жасалатын касметикалық заттар ерлерге және әйелдерге арнайы жасалатын болады.
Ғалымдар алғашқы зерттеу жұмыстарын бастап кетіпті. Шатыраш өсімдігінің сығындысын алып, оған Арал және Созақ тұздарын араластыру арқылы алған қоспада стресске қарсы және жасартатын қасиеттері барын айтты. Аталған өнім аллерголог, косметолог және стомотолог мамандардың сынамасынан өтті. Сынама нәтижесі де жақсы шығып отыр.
Сондай-ақ, шикізат көздері де жеткілікті көлемде. Бар-жоғы 25 грамм өсімдіктен одан бірнеше есе көп сығынды алынады дейді. Алдағы уақытта Арал теңізі жанынан арнайы зауыт салу жұмысы да жүргізілуі мүмкін екен.
Иә, бұл жұмыстар еліміздің экономикасының артуына, индустриясының дамуы елеулі үлес қосатын бастама болары анық. Қазақстандық ғалымдар отандық өнімді жолға қойып, оны дамыту жолында жобаны аяғына дейін жеткізіп, жақын арада нәтиже беретініне сенім білдірді. Сонымен қатар, коммерциялық бағытты да жандандырып, шет елдерде экспорттау жоспары да жоқ емесін айтты. Зор нәтиже күтілетін жоба толықтай күшіне енген күні нарықтан шетелдік өнімдерді ығыстырып шығатынана сенімді.
Оңталап  ЖОЛДАСОВ.

29 сәуір 2019 ж. 1 073 0