Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Теңіз табанындағы тіршілік

Теңіз табанындағы тіршілік

«Арал орман және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік мекемесі» 2025 жылғы жылдық жоспарға сәйкес, 30 мың гектар аумаққа сексеуіл және қарабарақ тұқымын себу жұмыстарын жүргізуде. Аталған жұмыс мемлекет басшысының 2025 жылға дейін 1,1 млн гектар аумақта сексеуіл алқаптарын құру жөніндегі тапсырмасы аясында жүргізіліп жатыр.
Арал теңізінің құрғаған табанының ауданы 6 млн гектарды құрайды, оның 2,8 млн гектары Қазақстан аумағында орналасқан. Орман мелиорациялық іс-шаралар шаң әсерін азайтуға, тозған жерлерді қалпына келтіруге және орнықты экожүйелерді қалыптастыруға бағытталған.
2021 жылдан 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған табанында 792 мың га алқапта орман-мелиорациялық жұмыстар орындалды.
2025 жылы Орман шаруашылығы комитеті Арал теңізінің құрғаған табанында 340,9 мың гектар алқапта орман мелиорация жұмыстарын жүргізуді қолға алған. Ағымдағы жылдың көктемінде 120 мың гектар алқапқа тұқым себіліп, 11,8 мың гектар жерге көшет отырғызылды.
Сондай-ақ, Министрлік ғылыми сүйемелдеумен Арал теңізінің  құрғаған табанында жаңа тұқымбақ құруды жоспарлады. Бұл тұқымбақтан алынатын көшеттер аридтік жағдайларға неғұрлым бейімделген болмақ, яғни отырғызу материалдарының сапасы артпақ.
Қазіргі уақытта тиісті жер таңдалып, онда ұңғыма бұрғыланды. Контейнерлік модульдер дайын, жабдықтар сатып алынды. Тамшылатып суаруды қамтамасыз ету үшін тереңдігі 500 м ұңғымаларды бұрғылау аяқталды.
Орман екпелерін қорғау, көрсетілген жұмыстарды жалғастыру, биологиялық әртүрлілікті сақтау және дамыту үшін Қазақстан Республикасы Экология және табиғи ресурстар министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті жанынан «Арал орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесін құру жоспарлануда.
Г.САҚТАПОВА
20 желтоқсан 2025 ж. 60 0