Тың туынды ұлттық кітапханаларға сыйға берілді
Kyzylorda-news.kz Сыр өңіріндегі ескі діни ғимарат «Айтбай» мешітінің 150 жылдық тарихына арналған тың туынды Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы мен Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасына сыйға берілді.Кітап авторларының бірі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Қазақстанның баспасөз, радио және интернет-журналистика саласындағы «Үркер» Ұлттық сыйлығының иегері, Ақпарат саласының үздігі Нұрсұлтан Мықтыбай руханият ошақтарының басшыларымен арнайы кездесіп, «Айтбай» мешіті: аңыз бен ақиқат» кітабын қос кітапхана қорына тарту етті.
Астана қаласындағы ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының директоры Күміс Сейітова тарихи деректі еңбек жарыққа шыққалы бері оны іздеп келуші және сұрау салушы елордалық оқырмандардың қарасы қалың екендігін мәлімдеді. Тың туындыға, әсіресе, жоғары оқу орындарында оқитын магистранттар мен докторанттар қызығушылық танытып жатқан көрінеді. Күміс Қарсақбайқызы, өз кезегінде, кітаптың таныстырылымын келесі жылдың қаңтар айында Астана қаласында өткізу туралы ұсынысын білдірді.
Ал Алматы қаласындағы ҚР Ұлттық кітапханасының басшысы Ғазиза Нұрғалиева болса, кітаптың тұсаукесеріне руханият ордасының екі бірдей қызмет жетекшісін арнайы шақырып, олардың еңбектерін ерекше атап өтіп, құрмет көрсеткен Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы мен облыс басшылығына және арнайы Қызылорда облысының Бас имамы Дастан Жанасұлына үлкен алғысын айтты. Әріптестерінің еңбегі деректі еңбекте де айрықша аталғанын ыстық ықыласпен қабылдаған Ғазиза Құдайбергенқызы кітап авторларымен келешекте де бірігіп жұмыс жасауға дайын екендігін жеткізді.
Фото: ҚМДБ-ның Қызылорда облысы бойынша өкілдігінің баспасөз қызметі










