Егінді әртараптандыру және цифрлық технологияларды енгізу мәселелерін талқылады
Kyzylorda-news.kz Жалағаш ауданының әкімі Ардақ Ибраимов шаруашылық төрағаларымен кездесу өткізді. Жиында алдағы вегетациялық кезеңге дайындық, егінді әртараптандыру және цифрлық технологияларды енгізу мәселелері талқыланды.2025 жылы вегетациялық кезеңде су тапшылығы орын алғанына қарамастан, аудан бойынша жоғары өнімге қол жеткізілді.
193 су пайдаланушымен «Жалағашсушар» өндірістік учаскесі арасында келісімшарт жасалып, 591,8 млн текше метр су жеткізілді.
Аудан әкімі ротация тәртібін сақтамаған және егін көлемін белгіленген межеден артық еккен шаруашылықтарға вегетациялық кезеңде су берілмейтінін қатаң ескертті.
Сонымен қатар, су тапшылығы жағдайында су үнемдеу технологияларын кеңінен енгізу және суды аз қажет ететін дақылдардың егіс көлемін арттыру қажеттігі атап өтілді.
Өткен жылы су ресурстарын тиімді пайдалану және егін өнімділігін арттыру мақсатында инженерлік жүйедегі жерлерге лазерлік жер тегістеу жұмыстары жүргізілді.
Ауданда суды үнемдеу және цифрлық технологияларды енгізу аясында күріш алқаптарын оңтайландыру жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда. Сондай-ақ, тамшылатып суару әдісі арқылы картоп, көкөніс және бақша дақылдары көлемін ұлғайту көзделіп отыр.
Мәжіліс қорытындысымен аудан әкімі күн тәртібінде қаралған мәселелер бойынша жауапты сала басшыларына, ауылдық округ әкімдеріне, шаруашылық құрылымдарына нақты міндеттер жүктеді.










