Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Биыл Қазақстаннан 3200 адам қажылыққа барады

Биыл Қазақстаннан 3200 адам қажылыққа барады

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Бес парыздың бірін орындау үшін осы жылдың тамыз айында Қазақстаннан 3200 адам үлкен қажылық сапарға аттанады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі. «Рамазан айынан кейін 70 күннен соң келетін бес парыздың бірі - үлкен қажылық сапары дайын тұр.Үлкен қажылық 11 тамыз - Құрбан айт күні белгіленіп отыр. Тамыз айының 4-5-нен бастап Сауд Арабиясы мемлекетіне елімізден 3200-ге жуық адам қажылық парызын өтеу мақсатында сапарға аттанады», - дейді Қазақстан Мұсылмандары діни басқармасы қажылық бөлімінің меңгерушісі Жәнділдә Бекжігітов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында. Оның айтуынша, 2006 жылдан бері ҚМДБ мен Сауд Арабиясы мемлекетінің қажылық істер жөніндегі министрлігімен арадағы келісімшарттың негізінде елімізден қажылыққа баратындар менингококқа қарсы вакцинациядан өтіп, инфекция жұқтырмау амалдарын жасап баруға міндеттеледі. «Осыған орай, біздің Денсаулық сақтау министрлігімен бірлесе отырып, 15 мамырдан бастап қажылыққа барушылар үшін еліміздің 8 қаласындағы 14 медициналық ұйымында менингококқа қарсы екпе жұмыстары басталады. Сондай-ақ, екпенің негізгі мақсаты - Африкадан келетін мұсылмандардың арасындағы менингококк инфекциясының көп таралуына орай екпені жасату міндетті болып табылады», - дейді Жәнділдә Бекжігітов. Айта кетсек, бүгін Ислам әлемі үшін қасиетті, берекеге толы, он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы басталды. Ораза 6 мамырдан 5 маусымға дейін жалғасады. Биылғы Рамазан айында берілетін пітір-садақаның көлемі бұған дейін де хабарланған болатын.
https://www.inform.kz
06 мамыр 2019 ж. 1 095 0