Аудан әкімі Аманжол Оңғарбаевтың Рамазан айымен құттықтауы
Қадірлі ағайын!
Сіздерді барша мұсылман қауымы үшін қасиетті де қадірлі Рамазан айының басталуымен құттықтаймын!
Он екі айдың сұлтаны саналатын Рамазан айы – сабыр мен сыйластықтың, мейірім мен кешірімнің, игілік пен ізгіліктің айы. Бұл айда мұсылман қауымы рухани тазару жолына түсіп, қайырымдылық пен жақсылық жасауды басты орынға қояды.
Ораза – тек ішіп-жеуден тыйылу ғана емес, ол жан мен тәннің тазаруы, сабыр мен шүкіршілікке тәрбиелейтін үлкен сынақ әрі сауапқа толы мүмкіндік.
Ата-бабамыз Рамазан айында ынтымақ пен бірлікті ту етіп, көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созып, жақсылық жасауды парыз санаған. Бұл игі дәстүр ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып, халқымыздың рухани өмірінің ажырамас бөлігіне айналды.
Қадірлі жерлестер!
Осы қасиетті айда жасаған әрбір ізгі амалдарыңыз қабыл болып, шаңырақтарыңызға құт-береке, мол ризық, мызғымас ынтымақ орнасын!
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болып, келесі Рамазан айына аман-есен жетуді жазсын!
Ниеттеріңіз қабыл болсын!











