Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Рамазан айымен құттықтады

Аудан әкімі Рамазан айымен құттықтады

Қадірлі жерлестер!
Ардақты ағайын!
Баршаңызды күллі мұсылман қауымы үшін қасиетті – Рамазан айының келуімен шын жүректен құттықтаймын!
Бұл берекелі мезет халықты сабыр мен төзімге тәрбиелеумен бірге, бір-біріне деген сүйіспеншіліктің, қайырымдылық пен мейірімнің үлгісін көрсетеді.
Біздің халқымыз ежелден Рамазан айын ерекше қастерлеп: «Он екі айдың сұлтаны», – деп әр күнін мәнді өткізуге тырысқан. Отыз күндік ораза – адамзат баласын сабырлылыққа тәрбиелеп, бардың бағасына жетіп, қайырымдылық жасауға шақырады. Осы орайда ынтымағы мен бірлігі жарасқан аралдықтар Рамазан айын лайықты қарсы алып, құрметпен өткізеді деген сенімдемін. Бұл айда ораза ұстау – мұсылмандық шарттың бірі әрі рухани жаңару мен тазарудың бірден-бір көзі.
Осы орайда тазалық пен имандылыққа үндейтін Рамазан айын ізгі амалдармен, сауапты істермен өткізулеріңізге тілектеспін. Барша адамзаттың жүрегіне мол мейірім, бойына қанағат ұялататын ерекше мерзімде жүрек жылуымыз арта берсін.
Ардақты ағайын!
Сіздерге осы қасиетті айда отбасыларыңызға береке мен бірлік, ырыс пен ынтымақ және зор денсаулық тілеймін! Рамазан айында жасаған игі істеріңіз, қайырымдылық шараларыңыз сауаптан жазылсын. Ұстаған оразаларыңыз қабыл болғай !
Рамазан айы мүбәрак болсын !
Ізгі ниетпен, Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов
23 наурыз 2023 ж. 286 0