Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың Рамазан айы мерекесімен құттықтауы

Аудан әкімі Мұхтар Оразбаевтың Рамазан айы мерекесімен құттықтауы

Құрметті жерлестер! Баршаңызды әлем мұсылмандары үшін қасиетті болған – Рамазан айының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Рамазан – адамзат баласын татулық пен бейбітшілікке, мейірім мен ізгілікке үндейтін қадірлі ай. Бұл айда ораза ұстау – мұсылмандық шарттың бірі әрі рухани жаңару мен тазарудың бірденбір көзі. Ораза – адамзат баласын сабырлыққа тәрбиелеп, бардың бағасына жетіп, әлеуметтік тұрғыда әлсіз топтарға қайырымдылық жасауға шақыратын қасиетті парыздың бірі.
Ата-бабамыз Рамазан айын ерекше ыждағатпен қарсы алып, әр күнін мәнді өткізуге тырысқан. Бұл берекелі мезетте араздасқан жандар татуласып, сырқаттанса көңіл сұрап, көптен көріспеген туыстар бір дастарқан басына жиналған. Бізге де бабалар салған сара жолдан үлгі алу маңызды. Бұл – біздің ғасырдан жалғасып келе жатқан ғұрпымыз.
Дегенмен, әлемді жайлаған індеттің беті әлі де қайтар емес. Осыған байланысты адам денсаулығы басты назарға алынып, ас беру, ауызашар сияқты шаралардан барынша бас тартқанымыз абзал.
Бірліктің бесігі, татулықтың тірегі болған аудан жұртшылығын Рамазан айын лайықты қарсы алып, құрметпен өткізеді деген сенімдемін. Отыз күн оразада мұқтаж жандарды қолдап, сақтық шараларын жауапкершілікпен орындауға шақырамын!
Ардақты ағайын! Үлкен тәрбие мектебі, рухани кемелденуге бастайтын Рамазан айында жасаған амалдарыңыз бен ізгі ниеттеріңізді Алла тағала қабыл еткей.
Әрбір отбасына амандық, толағай табыс, ырыс пен ынтымақ тілеймін! Бейбітшілігіміз бен берекелі өміріміз ұзағынан болып, есендік пен саулықта келесі Рамазан айына аман жетуге тілектеспін!
Ізгі ниетпен,
Арал ауданының әкімі Мұхтар ОРАЗБАЕВ
13 сәуір 2021 ж. 2 325 0