Конституциялық реформаның негізгі бағыттары талқыланды
Іс-шараға өңірлік коалиция жетекшісінің орынбасары Мұрат Тлеумбетов, коалиция мүшелері Ержан Искендір мен Садық Мұстафа, аумақтық коалиция жетекшісі Әділ Қошалақов, сондай-ақ аумақтық коалиция мүшелері Болат Бөгетов, Күлжауһар Раева және Ғалымжан Ақжігітов қатысты.
Кездесу барысында конституциялық жаңғыртудың басым бағыттары жан-жақты сараланды. Атап айтқанда, әлеуметтік теңдікті қамтамасыз ету, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау тетіктерін күшейту, еңбек адамын қолдау және оның қоғамдағы мәртебесін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқару институттарын жетілдіру мәселелері қаралды.
Спикерлердің айтуынша, бұл бастамалар ауылдық аймақтардың дамуына серпін беріп, инфрақұрылымды жаңартуға, білім беру мен денсаулық сақтау саласын жақсартуға, сондай-ақ әлеуметтік қолдау шараларын кеңейтуге мүмкіндік жасайды.
Жаңа өзгерістер аясында Конституция деңгейінде бекітілетін кепілдіктер халықтың мемлекеттік шешімдер қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін арттыра түседі. Бұл – ашық қоғам қалыптастыруға, билік пен бұқара арасындағы сенімді нығайтуға бағытталған маңызды қадам.
Кездесу барысында ардагерлер өз ой-пікірлерін ортаға салып, ұсыныстарын білдірді. Ашық диалог алаңы қоғамдағы өзекті мәселелерді талқылап, ортақ ұстаным қалыптастыруға жол ашты.








