Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Қызылордада ұлттық кітап және кітапханашылар күні кең көлемде аталып өтті

Қызылордада ұлттық кітап және кітапханашылар күні кең көлемде аталып өтті

Биылдан бастап елімізде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамасымен Кітапханашылар күнін атап өту тәртібіне өзгеріс енгізіліп, 23 сәуір - Ұлттық кітап және кітапханашылар күні болып белгіленді. Бұл бастама - қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыруға, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам. Осыған орай бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметі ұйымдастырған көшпелі брифинг барысында Ә.Тәжібаев атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры Сапар Көзейбаев атаулы күннің маңызына кеңінен тоқталып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді.
Спикер Мемлекет басшысы ұсынған «Кітап оқитын ұлт» жобасының маңыздылығына ерекше назар аударды. Оның айтуынша, бұл бастама ел ішінде кітапқа деген қызығушылықты арттырып қана қоймай, жастардың білімге, ізденіске деген құлшынысын күшейтуге ықпал етуде.
-Қазіргі таңда облыстық кітапхана қорында 4,5 миллионға жуық кітап сақталған. Бұл - өңірдің рухани әлеуетін айқындайтын ірі көрсеткіштердің бірі. Сонымен қатар, 2024-2025 жылдар аралығында аудан орталықтарында жаңа руханият орталықтары бой көтеріп, 7 аудандағы кітапханалар толықтай жаңғыртылып, заманауи талаптарға сай жабдықталып, халық игілігіне пайдалануға берілген.Сондай-ақ, Ұлттық құрылтайдың бесінші отырысында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев елімізде үш президенттік кітапхана салынатынын, оның біреуі Қызылорда қаласында бой көтеретінін мәлімдеген болатын. Бүгінде аталған нысанның іргетасы қаланып, капсуласы салынды. Бұл - өңір үшін ғана емес, жалпы ел руханияты үшін маңызды әрі қуанышты жаңалық. Ұлт болашағы - білім мен ғылымда, ал оның негізі - кітап оқу мәдениетінде жатыр. Сондықтан кітапханалардың қызметін жаңғырту, оқырман санын арттыру - басты міндеттердің бірі. Кітапханашылар күніне орай жоспарланған апталық іс-шаралар да осы мақсатты көздейді. Бүгінгі шараға аудан кітапханашылары белсенді қатысып, түрлі көрмелер ұйымдастыруда. Алдағы уақытта да бұл бастамалар өз жалғасын табатын болады, - деді Сапар Әлиасқарұлы.
Айта кету керек, мерекеге орай өңір кітапханаларында түрлі мәдени-танымдық іс-шаралар, кітап көрмелері, әдеби кештер мен зияткерлік жобалар ұйымдастырылып, оқырмандарға рухани азық сыйлауда. Бұл бастамалар кітаптың қоғамдағы рөлін арттырып, жас ұрпақты білім мен парасатқа жетелеуге бағытталған.
23 сәуір 2026 ж. 53 0