Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » КІТАП AMANAT: 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні

КІТАП AMANAT: 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күні

Арал аудандық орталық кітапханасында 14 ақпан – Халықаралық кітап сыйлау күніне орай «Сыйға тартылған кітап – рухани байлық» атты тағылымды шара ұйымдастырылды. Рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған бұл кездесу «КІТАП AMANAT» партиялық жобасы аясында өтіп, кітапсүйер қауымның басын қосты.

Іс-шараға Арал аудандық мәслихатының және «AMANAT» партиясы аудандық филиалының төрағасы Төрахметов Базарбай Шөменұлы, аудандық мәслихат депутаттары Ибраимова Лаура Қолғанатқызы мен Құлмырзаев Мейрамбек Оразғалиұлы, сондай-ақ зиялы қауым өкілдері, ардагерлер, кітапханашылар мен оқырмандар қатысты.

Шараның басты мақсаты – қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, жас ұрпақтың білімге деген құштарлығын арттыру және рухани құндылықтарды насихаттау. Кездесу барысында қатысушылар кітаптың адам өміріндегі орны, тәрбиелік маңызы, ұлттық сана мен руханиятты дамытудағы рөлі туралы ой бөлісті.

Жиында сөз алған Базарбай Шөменұлы кітаптың адамзат өркениетін алға жетелейтін негізгі күштердің бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, технология дамыған заманда да кітаптың қадірі кемімейді, қайта адам ойының тереңдеуіне, дүниетанымның кеңеюіне ықпал етеді.

— Кітап – білімнің кілті ғана емес, ол ұлттың жады мен мәдениетінің сақтаушысы. Кітап оқитын қоғам – ойлы қоғам. Сондықтан мұндай шаралар жас ұрпақтың рухани дамуына үлкен үлес қосады, — деді ол.

Шара барысында кітап сыйлау рәсімі өткізіліп, кітапхана қорына көркем әдебиет, тарихи-танымдық және балаларға арналған бірқатар жаңа басылымдар табысталды. Қонақтар мен оқырмандар өздерінің сүйікті кітаптарын сыйға тартып, ізгі ниет пен парасаттың жарқын үлгісін көрсетті.
Кітапханашылар келген қонақтарды жаңа әдебиеттермен таныстырып, тұрақты оқырмандарға алғыс білдірді. Сонымен қатар жастар арасында кітап оқу мәдениетін дамыту мақсатында шағын пікірталас пен әдеби әңгіме ұйымдастырылды. Қатысушылар сүйікті шығармалары туралы айтып, әсерлерімен бөлісті.
#АМАНАТ
12 ақпан 2026 ж. 121 0