КІТАП AMANAT: Қарымды қаламгерлермен кездесу
Қоғамда кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, ұлттық руханиятты дәріптеу және оқырман мен автор арасындағы рухани байланысты нығайту мақсатында жүзеге асырылып келе жатқан «КІТАП AMANAT» жобасы аясында тағылымды шара ұйымдастырылды. «Көктем» бастауыш партия ұйымының бастамасымен аудандық орталық кітапханада Қазақстан Журналистер одағының, Халықаралық Жазушылар одағының мүшесі, жерлес журналист, ақын Ерғали Абдулламен «Қаламгермен сырлы сұхбат» атты шығармашылық кездесу кеші өтті.Рухани шараға аудандық «Толқын» газетінің журналисті, ақын Айдос Елеш, бас редактор Айдар Сайлауов, тілші Гүлмира Сақтапова, кәсіпкер Нұргүл Сақташқызы, сондай-ақ кітапхана оқырмандары мен «Парақ Time» кітапқұмарлар клубының белсенді мүшелері қатысты.
Кездесу кешінің басты мақсаты – қаламгердің шығармашылық жолын кеңінен насихаттау, әдебиетке қызығушылығы бар жастарды қолдау, туған өлкенің тарихы мен тағдырын жырлаған туындылар арқылы ұлттық құндылықтарды ұлықтау болды. Шара барысында Ерғали Абдулла өз өмір жолы, журналистика мен поэзиядағы ізденістері, шығармашылықтағы ұстанымдары жөнінде кеңінен әңгімелеп, оқырман қауыммен еркін форматта сырлы сұхбат құрды.
Оқырмандар тарапынан қойылған сауалдар легі қаламгердің қаламгерлік болмысы мен азаматтық ұстанымына қатысты болды. Автордың туған жерге деген шынайы махаббаты, Арал тақырыбын негізгі шығармашылық арқауына айналдыруының себебі, экологиялық және рухани мәселелерді поэзия тілімен жеткізуі жастарға ерекше ой салды. Әсіресе, Арал өңірінің өткені мен бүгіні, ел тағдыры, адам мен табиғат арасындағы байланыс ақын шығармаларында терең философиялық тұрғыда көрініс табатыны айтылды.












