Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » KITAPTIME-2024: Кітап патшалығы – даналар мекені

KITAPTIME-2024: Кітап патшалығы – даналар мекені

Кітап оқу – бос уақытты тиімді өткізу ғана емес, сонымен қатар өзіңді тұлғалық дамытудың алғашқы қадамы. Бүгінде жастардың кітапқа қызығушылығын ояту мақсатында және кітап оқу мәдениетін көтеру, әдебиет арнасын насихаттау жолында Қазақстан Республикасының Мәдениет және Ақпарат министрлігінің қолдауымен, ҚР Ұлттық академиялық кітапханасының ұйымдастыруымен дәстүрлі түрде болатын «KitapTime-2024» жалпы республикалық кітап фестивалі 3 мәрте болып жатыр. Аудандық орталық кітапхана да қалыс қалмай, «Кітап патшалығы – даналар мекені» атты мерекелік шара өткізді.
Кітап мерекесіне журналист-ақын, күйші Ж.Жақып, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, жергілікті ақын Т.Абылаев, Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Б.Бөкешов, «Арал әлемі» газетінің редакторы, ақын Е.Абдулла, Қазақ тілі қоғамы Арал аудандық филиалының төрағасы Б.Садуақасов, жергілікті ақын А.Елеш, жеке кәсіпкер, ақын А.Темірбай, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы С.Дәрібаев және кітапхана оқырмандары қатысты.
Кітап оқуды кеңінен насихаттау, рухани, интеллектуалдық даму жолында жастарды ынталандыру және мәдени құндылықтарымызды халыққа жеткізу мақсатында ұйымдастырылған шара аясында «Ғажайып кітап әлемі» мерекелік концерті, жерлес жазушы Ә.Нұрпейісовтің туғанына 100 жыл толуына орай «Ғасыр шежіресі» кітап көрмесі, Ақын А.Бақтыгерееваның 80 жасқа толуына орай «Сергек ой, серпінді сөздің ұстасы» поэзия сағаты және «Күз сыйлаған кітаптар» кітап көрмесі, «Күзгі блюз» суретшілер мен қолөнер шеберлерінің көрмесі мен «Берекелі алтын күз» күзгі дақылдар көрмесі ұйымдастырылып, «Ауыл кітапханаларына 100 кітап» акциясы аясында оқырмандар кітапханаға кітап сыйға тартты.
Кеш аясында Қазақстан суретшілер одағының мүшесі Берік Бөкешов өзінің көркем туындыларымен таныстырып, №2 мамандандырылған мектеп-интернат-лицейінің, Аудандық оқушылар үйі мен Өнер мектебі оқушыларының, Қалалық №3 кітапхана, Бөген, Сапақ ауылдық кітапхана үйірмелерінің қолөнер бұйымдары мен суреттері оқырман назарына ұсынылды.
Кітап мерекесінде Аудандық мәдениет үйі мен Жыраулар үйінің әншілері жырдан шашу шашып, Өнер мектебінің өнерпаздары күмбірлете күй ойнады.
Гүлмарал САҚТАПОВА
28 қыркүйек 2024 ж. 37 0