Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » » Шекарасыз кітапхана: Бүгін біз бірге оқимыз

Шекарасыз кітапхана: Бүгін біз бірге оқимыз

Әлем оқырмандары асыға күтетін, кітап пен қалам иелеріне құрметтің белгісі саналатын Дүниежүзілік кітап және авторлық құқық күніне орай, Т.Г.Шевченко атындағы №13 орта мектебінде рухани іс-шара өтті. «Шекарасыз кітапхана: бүгін біз бірге оқимыз» атты танымдық акция – әдебиет пен білімді ұштастыра отырып, ұрпақ санасына рухани құндылықтарды сіңіруге бағытталған тың бастама болды.
Кітап – адамзат ақыл-ойының жауһары, ұлт руханиятының алтын діңгегі. Осы ұлы мұраны ұлықтау мақсатындағы шараға жергілікті жердегі танымал қаламгерлер, жастар көшбасшылары, ұстаздар мен оқушылар, сондай-ақ кітапхана саласының майталмандары қатысты.
Акцияның құрметті қонақтары қатарында – қазақ жырының ардақты өкілі, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, Ж.Әбдірашев атындағы республикалық әдеби сыйлықтың иегері, ақын Толыбай Абылаев болды. Сөз өнеріне адалдық танытқан ақын жастармен сыр шертіп, өлең жолдарын оқып, кітаппен дос болудың маңызын тебірене жеткізді.
Сондай-ақ, аудандық «Толқын» газетінің бас редакторы А.Сайлауов, жастар арасындағы қоғам белсендісі Г.Сақтапова, білім беру саласының ардагері, мектеп директоры А.Сауяев өз кезектерінде қатысушыларды мерекемен құттықтап, кітап оқудың адам санасын тәрбиелеудегі маңызын атап өтті. Мектеп басшысы өз сөзінде:
– Кітап – ең сенімді дос. Оқырман мен кітап арасындағы шекара ешқашан болмауы керек. Осы акцияның мәні де – барлығымыз бір кітап айналасында бас қосып, ой бөлісуімізде, – деді.
Кітапхана қызметкерлері А.Бекмамбетова мен К.Успанова, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Г.Әбекенова бірлесіп ұйымдастырған кеш аясында білім алушылар көркем әдебиеттердің жаңа топтамасымен танысты. Әдеби кейіпкерлермен қауышып, кітап сөресіндегі жаңа туындыларды парақтаған оқушылар ерекше әсерге бөленді.
Іс-шара аясында оқушылар А.Құнанбаев, З.Шүкіров, М.Құттықов сынды қазақ әдебиетінің ірі тұлғаларының шығармаларын талдап, олардың өнегелі ойларын топ ішінде бірге оқып, талқылады. Бұл тапсырмалар арқылы кітап оқуға деген қызығушылық артып, көркем сөз әлеміне терең бойлауға мүмкіндік туды.
Әдеби кештің тағы бір жарқын сәті – қонақ кәде болды. Қонақтар өз шығармаларын оқып, өткен күндерден естелік шертіп, жас буынға ақыл-кеңес берді. Әдебиеттің жанашырлары мен болашақ оқырмандардың арасында шынайы диалог орнап, көпір қалыптасты.
Акцияға белсене атсалысқан «Жас ұлан» ұйымының мүшелері де өз белсенділігімен көзге түсіп, әдебиетке деген ынтасын танытты. Бұл – жастардың рухани дамуына, кітап әлеміне құштарлығын арттыру жолындағы үлкен қадам.
Сонымен қатар облыстық акция аясында №71 мектеп-интернатында «Өнерімді еліме арнаймын» тақырыбында талантты жерлес ақындарымыздың бірі  Айдар Әділжанұлы мен орталық балалар кітапханасының кітапханашысы Жанар Сапарбайқызымен кездесу өткізілді.
Шара барысында Айдар Әділжанұлы өзінің шығармашылық жолынан сыр шертіп, оқушыларды қызықтырып жүрген сұрақтарға жауап берді.
«Шекарасыз кітапхана» ұраны – кітаптың ешқандай шекараға бағынбайтынын, оның адам санасына, ұлт болмысына әсер ететін күш екенін дәлелдеді. Осы мазмұнды кеш – тек кітап оқуға үндеген ғана емес, әдебиет арқылы адамдарды жақындастырған тағылымды бастама болды.
Г.ӘЛНИЯЗИНА
26 сәуір 2025 ж. 36 0