Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » Аймақ басшысы «Qyzylorda» телеарнасының жұмысымен танысты

Аймақ басшысы «Qyzylorda» телеарнасының жұмысымен танысты

Бүгін облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев, «Қазақстан» Республикалық телерадио корпорациясы» акционерлік қоғамының бас редакторы Болат Мүрсәлім облыстық «Qyzylorda» телеарнасының жұмысымен танысты. Телеарна алғаш рет 1991 жылдың 30 сәуірінде эфирге шығып, 35 жылдан бері өңір тұрғындарын үздіксіз әрі жедел ақпаратпен қамтамасыз етіп келеді.
Аймақ басшысы «Qyzylorda» телеарнасының жұмысымен танысты
Осы жылдар аралығында отандық журналистиканың үздік мектептерінің бірі болып қалыптасты, арна тілшілері Тәуелсіздік жылдарындағы Сыр өңірінің шежіресін жасауға атсалысты. Шығармашылық ұжым дайындаған сюжеттерде, бағдарламаларда жұртшылықтың ойы мен пікірі, талабы мен тілегі айқын көрініс табады.
Аймақ басшысы «Qyzylorda» телеарнасының жұмысымен танысты
Телеарна ғимараты үш және төрт қабатты екі блоктан тұрады, жалпы аумағы 3500 шаршы метр. Заманауи талаптарға сай жабдықталған 4 студия бар. Атап айтқанда, қойылымдық хабарларға арналған түсіру павильоны, жаңалықтар, виртуалды және дыбыс жазу студиялары. Биыл ғимаратқа күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, материалдық-техникалық базасы жаңартылды.
Аймақ басшысы «Qyzylorda» телеарнасының жұмысымен танысты
Бүгінде телеарна цифрлық форматта тәулігіне 15 сағат хабар таратады. Жаңалықтар күніне жалпы 8 рет, оның 6-ы тікелей эфирде көрерменге ұсынылады. Апта сайын әртүрлі бағыттағы 35-тен астам бағдарлама дайындалады. Өзіндік өнімнің үлесі 67 пайыз.
Телеарна эфирінде «Өмірдің өзі…», «Өзекжарды», «Ұлт саулығы», «Қайырлы күн, Қызылорда!», «Анықтаймыз», «Құдайы қонақ», «Қызық орда», «Параллель», «Пайдалы подкаст», «Үштаған» секілді жобалар тұрақты көрсетіліп келеді. Бұл бағдарламаларда қоғамдағы өзекті мәселелер көтеріліп, көрермен сұранысына сай сапалы әрі мазмұнды ақпарат, жан-жақты сараптамалар беріледі.
Аймақ басшысы «Qyzylorda» телеарнасының жұмысымен танысты
Бүгінде мұнда 71 кәсіби маман еңбек етеді. Ұжым өңірдің әлеуметтік-экономикалық, мәдени-рухани даму жолын жан-жақты насихаттауға өз үлесін қосып келеді.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
30 сәуір 2026 ж. 53 0