Толқын Tolqyn.kz ақпараттық агенттігі
» » ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ФРАНЦИЯҒА ЖҰМЫС САПАРЫ БАСТАЛДЫ

ҚЫЗЫЛОРДА ОБЛЫСЫ ДЕЛЕГАЦИЯСЫНЫҢ ФРАНЦИЯҒА ЖҰМЫС САПАРЫ БАСТАЛДЫ

Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың тапсырмасына сәйкес, Қазақстан Республикасының Франциядағы Елшілігінің қолдауымен, облыс әкімінің орынбасары Ардақ Зебешевтің жетекшілігімен Қызылорда облысының делегациясы Париж қаласына жұмыс сапарын бастады.

Сапардың мақсаты – өңірдің экономикалық және инвестициялық әлеуетін таныстыру, Францияның жетекші компанияларымен, іскерлік ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту.
Алғашқы күні делегация мүшелері бірқатар жетекші компания басшыларымен және өкілдерімен B2B форматында келіссөздер жүргізді. Олардың қатарында «Maisadour», «Hemp-it», «LAROCHE Group», «Irri France», «Heartland Capital», «TotalEnergies» және «SUEZ» компаниялары бар. Кездесулерде ауыл шаруашылығы, тұқым шаруашылығы, техникалық қарасора өсіру, су үнемдеу технологиялары, жаңартылатын энергетика, экология және инвестициялық жобаларды қаржыландыру бағыттарындағы ынтымақтастық мүмкіндіктері талқыланды.

Сапар аясында екі маңызды үшжақты меморандумға қол қойылды. Қызылорда облысының әкімдігі, «Maisadour» және «Harvest Agro» компаниялары арасында жүгері тұқымдарын өндіру бойынша үшжақты меморандум жасалды. Сондай-ақ, Қызылорда облысының әкімдігі, «Hemp-it» және «Harvest Agro» компаниялары арасында техникалық қарасора тұқымдарын өңдеу және өндіру бойынша үшжақты меморандумға қол қойылды.
Бұл келісімдер өңірде заманауи агроөнеркәсіптік өндірісті дамытуға, жоғары сапалы тұқым шаруашылығын жолға қоюға, жаңа экспорттық бағыттарды қалыптастыруға және жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Сонымен қатар, делегация мүшелері Францияның «MEDEF International» ұйымы бас директорының орынбасарымен кездесті. Бұл – Францияның ірі кәсіпорындары мен кәсіпкерлер федерацияларын біріктіретін беделді үкіметтік емес құрылым. «MEDEF International» ұйымының ұйымдастыруымен өткен дөңгелек үстелде Ардақ Зебешев өңірдің инвестициялық әлеуетін таныстырып, өзара тиімді әріптестікті дамыту мәселелері талқыланды. Француз бизнес қауымдастығы Қызылорда облысының бастамаларына қызығушылық білдіріп, бірлескен жобаларды жүзеге асыруға дайын екенін жеткізді.

@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі

22 мамыр 2026 ж. 31 0