Облыс құрамасы үздік үштік қатарында
Бүгін облыс әкімі Мұрат Ергешбаев Ұлттық баскетбол федерациясының президенті Абай Алпамысовпен кездесті. Кездесуде спорт саласын қолдаудағы ауқымды жобалар талқыланды.
«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлының аймақтарда спорт инфрақұрылымын, оның ішінде стадиондар мен спорт кешендерін салу туралы тапсырмасына сәйкес, Қызылорда қаласында 11 мың орындық жаңа стадион іске қосылды.
УЕФА-ның IV санатты сертификатын алды. Жаңа стадион былтыр қазан айында Қазақстан кубогының финалдық ойынымен ашылды.
Жаңа нысанда ірі спорттық шараларды өткізуге барлық мүмкіндік жасалған.
Былтыр балалар мен жасөспірімдерге арналған «Сыр жұлдыздары» шығармашылық-инновациялық академиясы салынып, пайдалануға берілді.
Облыс орталығындағы ірі жобалардың бірі – «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешенінің құрылысы жүргізілуде.
Дене шынықтыру, спорт және туризм басқармасына қарасты жоғарғы білікті спортшылар және спорт резервін әзірлеу бағытында 33 спорт мекемесі жұмыс істейді. Спорт мектептерінде 38 спорт түрінен 646 жаттықтырушы-оқытушы 22 мыңнан астам спортшыны кәсіби бағытта тәрбиелеуде.
Спорт саласына көрсетілген қолдаудың нәтижесінде 2025 жылдың қорытындысымен Қызылорда облысы «Жылдың үздік спорт өңірі» атанды»,- деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Айта кету керек, өңірде баскетболмен 46 мыңға жуық адам шұғылданады.
Облыстың құрама командасы ел чемпионаттарында үздік үштік қатарынан көрініп жүр. Бүгінде 6 спортшы Қазақстан құрама командасының сапына енді.
Сондай-ақ, 2 спортшы НұрғалиеваТоғжан мен Төребекқызы Аяжан алда 19 қыркүйек – 4 қазан аралығында Нагоя қаласында (Жапония) өтетін ХХ Жазғы Азия ойындарына қатысуға үміткерлер қатарында.











