Мемлекеттік рәміздер – ел егемендігінің айғағы
Мемлекеттік рәміздер – елдің егемендігі мен дербестігін айқындайтын басты нышандар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ұлттық бірегейлікті қалыптастырып, мемлекет тарихы мен рухани құндылықтарын бейнелейді.Бүгін, 4 маусым – Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні атап өтіледі. Бұл мереке 1992 жылы тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік Туы мен Елтаңбасы алғаш рет ресми түрде бекітілген тарихи күнге орай белгіленген.
Мемлекеттік рәміздер – елдің егемендігі мен дербестігін айқындайтын басты нышандар. Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы, Елтаңбасы және Әнұраны ұлттық бірегейлікті қалыптастырып, мемлекет тарихы мен рухани құндылықтарын бейнелейді.
Мемлекеттік Ту
Мемлекеттік Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Көк түсті мата ортасында алтын күн мен қалықтаған қыран бейнеленсе, сол жақ жиегінде ұлттық өрнек орналасқан. Геральдикалық дәстүрге сәйкес, көк түс – бейбітшілік, бірлік және сенімді білдірсе, күн – өмір мен қуатты, қыран – еркіндік пен биік мақсаттарды айшықтайды.
Мемлекеттік Елтаңба
Елтаңба авторлары – сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Оның негізгі бейнесі – шаңырақ. Бұл – мемлекет тұтастығы мен халық бірлігінің символы. Шаңырақтан тараған уықтар күн шапағына ұқсап, кеңістікке сәуле шашады. Қанатты тұлпарлар мен бес бұрышты жұлдыз – елдің дамуға, өркендеуге және әлемдік қауымдастықпен ынтымақтастыққа ұмтылысын білдіреді.
Мемлекеттік Әнұран
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны 2006 жылы қазіргі «Менің Қазақстаным» әні негізінде бекітілді. Әннің әуенін – Шәмші Қалдаяқов, сөзін – Жұмекен Нәжімеденов және Нұрсұлтан Назарбаев жазған. Әнұран – азаматтарды отансүйгіштікке, елге деген құрмет пен бірлікке үндейтін мемлекеттік дыбыстық рәміз.
Қызықты деректер
1992 жылы мемлекеттік рәміздерге арналған конкурсқа 1200-ден астам Ту эскизі, 245 Елтаңба жобасы және 750 Әнұран нұсқасы ұсынылған. Сонымен қатар, Қазақстанның көк Туы әлемнің ең биік шыңдарында – Эверест пен Монбланда желбіреген. 1994 жылы ғарышкер Талғат Мұсабаев Мемлекеттік Туды алғаш рет ғарышқа алып шықты.
Мемлекеттік рәміздер – Қазақстан Республикасының тәуелсіздігін айқындайтын басты атрибуттар. Олар елдің тарихи жады мен ұлттық болмысын сақтап қана қоймай, азаматтардың патриоттық сезімін нығайтатын маңызды рухани құндылық.
Фото: baq.kz










