Аймақ басшысының сапары аудан ажарын айшықтады
Сыр өңірінің әлеуметтік-экономикалық әлеуетін арттыру, шалғайдағы ағайынның тұрмыс сапасын жақсарту бағытындағы жүйелі жұмыстар Арал өңірінде қарқынды жүруд. Мемлекет басшысының тікелей тапсырмасы мен «Ауылдық аумақтарды дамытудың 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы» аясында аймақта ауқымды жобалар кезең-кезеңімен жүзеге асып келеді. Өңірде 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтеріп, ел игілігіне берілді. Осы оң өзгерістердің нақты көрінісі ретінде облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Арал ауданына жасаған ауқымды жұмыс сапарын атауға болады.Өңір басшысымен бірге сапарда облыстық мәслихат төрағасы Мұрат Тлеумбетов, ел ағалары, зиялы қауым өкілдері мен ардагерлер болды. Сапар барысында руханият орталықтары ашылып, жаңа өндірістік және инфрақұрылымдық нысандардың іргетасы қаланды, халықты толғандырған түйткілді мәселелер талқыланды.

Руханият бесігі: Аманөткелде жаңа мәдениет ошағы ашылды
Сапардың алғашқы күні Аманөткел ауылында басталып, мұнда 150 орындық жаңа мәдениет үйі салтанатты жағдайда пайдалануға берілді. Бұл – соңғы жылдары өңірде ел игілігіне қызмет етуге берілген 22 мәдениет нысанының бірі. Ауыл ақсақалдарымен және тұрғындармен кездескен аймақ басшысы мәдениеттің ұлт өміріндегі стратегиялық маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы «Мәдениет – ұлттың төлқұжаты. Жаһан жұрты елімізді, ең алдымен, өнеріміз арқылы танып біледі», – деген болатын. Мәдениет – елдің рухани тірегі, ұлттың ұлы мұрасы. Жаңа мәдениет үйінде дәріптелген ұлттық құндылықтарымыз арқылы рухани қазынамызтолығады деп сенемін. Жаңа нысан жастарымыздың талантын ұштауға қызмет ете берсін! Ауыл тұрғындарына жаңа тыныс сыйлап, мәдени жаңғырудың орталығына айналсын, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Кейінгі жылдары Нұрлыбек Машбекұлының бастамасымен мәдениет саласында ауқымды жұмыс атқарылып, төрт жылда 55 млрд теңгеге жуық, ал биыл 6 млрд теңгеден астам қаржы бөлінген болатын. Осы жұмыстардың заңды жалғасы ретінде барлық ауданда «Руханият орталығы» бой көтерді. Қызылорда қаласында «Өнер орталығы», «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», Тарихи-өлкетану музейі және «Достық үйі» халыққа қызмет етуде. Балалар үшін «Оқушылар сарайы» мен «Сыр жұлдыздары» академиясы ашылса, Ұлттық құрылтайдағы тапсырмаға сәйкес жаңа драма театр мен Президенттік кітапхананың құрылысы басталды.
Салтанатты шара барысында ауылдың дамуына үлес қосқан азаматтар мен мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Мемлекет және қоғам қайраткері Биғали Қаюпов сөз сөйлеп, ауыл ақсақалы Шыңдалы Әбдіраманов елге ақ батасын берді.
«Аққұмшық» жағажайы және туризмді халықаралық стандартқа көтеру
Сапар аясында облыс әкімі мен делегация мүшелері Қамыстыбас ауылдық округіне ат басын бұрып, «Арал геопаркі» жобасына енген «Аққұмшық» жағажайының тыныс-тіршілігімен танысты. Бұл демалыс аймағы аймақ туризмін дамытуда ерекше маңызға ие.
Мысалы, өткен жылы бұл аймаққа 100 мыңға жуық адам қызығушылық танытып келген. Аумағы 2 гектар болатын демалыс орнында 21 кәсіпкер сапалы қызмет көрсетіп, 110 демалыс үйі жұмыс істеп тұр. Жаяу жүргіншілер жолы салынып, қауіпсіздік үшін бейнекамералар орнатылған, 3 волейбол алаңы да жұмыс істеп тұр.
Өңір басшысы туристерге қолайлы орта қалыптастыруды, сервистік қызмет сапасын жақсартуды және қызмет көрсету мәдениетін халықаралық стандарттарға сәйкестендіруді тапсырды.
Транспорттық артерия: Сапасыз жол құрылысы болмайды
Арал ауданының транзиттік мүмкіндіктерін арттыру – басты назарда. Облыс әкімі «Самара-Шымкент» тас жолындағы орташа жөндеу жұмыстарының барысын бақылады. Өткен жылы «Қарабұтақ – Қызылорда – Шымкент» республикалық маңызы бар жолдың Әйтеке би кенті мен Арал қаласы аралығындағы учаскесін жөндеу қажеттігі туындап, биыл «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ тарапынан 9,5 шақырым жолды жөндеу қолға алынған. Жауапты мердігер – «Арал Құрылыс» ЖШС, жұмыс жыл соңына дейін аяқталады деп жоспарлануда.
Сонымен қатар, «Қызылорда – Сексеуіл» автомобиль жолын реконструкциялау жобасы аясында қайта жаңғырту көзделген. Аталған жоба бойынша техника-экономикалық негіздемеге оң қорытынды алынған.
Жөндеу барысымен танысқан аймақ басшысы жол сапасына қатысты жауапты сала жетекшілері мен мердігер мекеме жұмысын қатаң сынға алды. «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ-на тез арада жол-көлік қозғалысын ретке келтіруді, тұрғындарға қолайлы жағдай жасауды, жұмысшылар санын көбейтуді қатаң тапсырды.

Стратегиялық жоспарлау: Аудан активінің отырысы және тұрғындарды қабылдау
«Руханият орталығында» облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың төрағалығымен аудан активінің жиыны өтті. Онда аймақтың әлеуметтік-экономикалық даму бағдары мен алдағы стратегиялық міндеттері пысықталды.
Жиында Мемлекет басшысының Қызылордадағы Ұлттық құрылтайда Кіші Арал теңізінің қалпына келе бастағанын жоғары бағалағаны тілге тиек етілді. Сонымен бірге, өңір үшін маңызы зор екі ірі жоба аталды. Оның бірі – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Қызылорда – Ақтөбе бағытындағы бөлігін төрт жолаққа кеңейту және жалпы ұзындығы 559 шақырым болатын «Бейнеу – Сексеуіл» автожолының құрылысы биыл басталады. Оның 189 шақырымы Арал ауданының Сексеуіл, Қосаман, Ақеспе, Ақбасты және Құланды елді мекендері арқылы өтеді.
Соңғы төрт жылда барлық ауданда жаңадан 1 800-ге жуық, Арал ауданында 310 пәтер пайдалануға берілді. Тұрғын үй құрылысы биыл да жалғасады. Осыған байланысты құрылыс сапасына қатаң бақылау жүргізу және дайындықты уақытылы ұйымдастыру тапсырылды.
Ауданды газдандыру деңгейі 72 пайыз, Арал қаласы, Сексеуіл және Жақсықылыш кенттері, Қамыстыбас және Аққұм ауылдық округтеріне табиғи газ қосылған. Қалған елді мекендерге газ жеткізуді кезең-кезеңімен жалғастырып, тиісті шаралар қабылдау міндеттелді.
Газ төлеміндегі түйткіл шешімін таппақ
Актив отырысынан кейін облыс әкімі тұрғындарды жеке сұрақтары бойынша қабылдады. Ең өзекті мәселе – Арал қаласында ақпан айынан бері табиғи газ төлемінің артық есептелуі болды. Бұл жағдай халық арасында наразылық тудырған.
Мәселеге қатысты Арал ауданының әкімдігі мен «РЦКУ-Қызылорда» ЖШС өкілдері берген түсіндірме бойынша, төлем есептегіш құралдардың нақты көрсеткішімен есептеледі, алайда көрсеткіш кешіктірілсе немесе тексеру мерзімі өтсе, норматив бойынша бекітіледі. Тұрғындарға есептегіш құралдарының мерзімін қадағалау қажеттігі ескертілді. Егер тексеру нәтижесі дұрыс болса, заң аясында қайта есептеу жасалатыны нақтыланды. Сондай-ақ, халықтың тілегі бойынша Сексеуіл кентіне кіреберіс автомобиль жолына ағымдағы жөндеу жүргізілетін болды.
Сексеуілде қос білім ошағының іргетасы қаланды
Сексеуіл кентінде балалардың шығармашылық әлеуетін арттыру мақсатында үлкен қуаныш орын алды. Мұнда 100 орындық «Оқушылар үйі» мен 50 орындық «Өнер мектебінің» іргетасын қалау рәсімі өтті. Аталған заманауи нысандардың құрылысына «Қазақстан Темір Жолы» ұлттық компаниясы демеушілік жасап отыр. Мұндай орталықтар бұған дейін Жалағаш, Жаңақорған және Шиелі аудандарында сәтті іске қосылған еді.
Аймақ басшысы ауыл тұрғындарын көптен күткен игілікті істің басталуымен құттықтады:
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Ұл-қыздарымыздың парасатты, жан-жақты болып өсуіне жағдай жасау, жас азаматтарымыздың құқығын қорғап, денсаулығын сақтау – мемлекетіміздің басты міндеті» деп атап өтті.
Бүгін іргетасы қаланатын жаңа білім ордасынан алдыңғы буынның жолын жалғаған білімді, талантты шәкірттер шығатынына сеніміміз мол. Бұл – балаларымызға заманға сай жаңа дағдыларды үйрететін, бос уақыттарын тиімді ұйымдастыратын, асқақ армандарға қанат қақтыратын бірегей нысан болмақ. Санасы сергек, ұшқыр ойлы, бәсекеге қабілетті оқушыларымыз көп болсын! Егемендігіміз еңселі, Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Айта кетейік, аймақта 2022-2026 жылдары 200-ден астам әлеуметтік нысан бой көтерді. Білім беру саласында, жеткіншектерге қосымша білім беру инфрақұрылымын дамытуда ауқымды жұмысатқарылып, 46 заманауи білім беру нысаны ел игілігіне табысталды. «Келешек мектептері» ұлттық жобасы аясында 10 жаңа мектеп, физика-математика бағытындағы «Білім-инновация» лицей-интернаты, музыкалық колледждің жаңа ғимараты мен жатақханасы, Қызылорда қаласындағы заманауи лагерь мен Ботаникалық білім беру орталығы ашылды.
Сексеуілдегі салтанатты шарада ел ағасы Имамадин Оңғарбаев ізгі тілегін білдірсе, ардагер Қази Әйімбетов бата берді.
Рәсімнен кейін облыс әкімі тұрғындармен кездесті.Онда өңір үшін маңызды инфрақұрылымдық жобаның бірі – «Сексеуіл–Бейнеу» автомобиль жолының құрылысы басталатындығы айтылды. Жол Бейнеуден емес, Сексеуілден басталады.
Бұдан бөлек, тұрғындар ұзақ уақыттан бері көтеріп келе жатқан Сексеуіл кентіне кіреберіс автомобиль жолының жай-күйі де сөз болды. Халықтың ұсыныс-тілегіне сәйкес, бұл жолға ағымдағы жөндеу жұмыстарын жүргізу мәселесі қаралып, тиісті шара қабылданатын болды.
Кездесуде тұрғындардың өтініштері мен ұсыныстары тыңдалып, елді мекеннің әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты өзекті мәселелер талқыланды.
Көлік-логистикалық әлеует: Вокзалдар жаңа кейіпке енеді
Теміржол желісінің маңызды торабы саналатын Сексеуіл станциясында вокзал құрылысы қарқынды жүруде. Облыс әкімі бастаған топ құрылыс алаңына барып, жұмыс барысымен танысты.
Жоба «Қазақстан Темір жолы» ҰК» АҚ тапсырысымен жүзеге асырылуда. Бас мердігер «Техоснастка-Ремсервис» серіктестігі қолға алған жобаға 700 млн теңге бөлінген.
Қазір құрылыс алаңында 15 жұмысшы, 4 арнайы техника жұмылдырылған. Нысанның сырты қапталып, ішкі әрлеуі біткен, есік орнатылған. Бүгінде аумағын абаттандыру, жаяу жүргіншілер жолын ретке келтіру және инфрақұрылымдық жұмыстар атқарылуда.
Жаңа вокзалда жолаушыларға қолайлы жағдай жасалады, қызмет көрсету сапасы артады. Нысан пайдалануға берілгеннен кейін өңірдің көлік-логистикалық әлеуетіне, жолаушы тасымалына оң әсерін тигізеді.
Айта кетейік, облыс аумағынан ұзындығы 1051,7 шақырым магистральдық теміржол желісі өтеді. Теміржол инфрақұрылымында 8 вокзал мен 2 қызмет көрсету пункті жұмыс істейді. Тәулігіне 15 жұп жолаушылар пойызы қатынайды. Қызылорда қаласынан Астана, Петропавл, Павлодар, Көкшетау, Семей және Түркістан қалаларына 6 жұп жолаушылар пойызы ұйымдастырылған.
Сонымен қатар, әлеуметтік маңызы бар «Қызылорда – Бесарық – Түркістан» жолаушылар пойызы облыстың оңтүстік бағытындағы 26 елді мекен тұрғындарын көлік қызметімен қамтамасыз етіп келеді.
Сонымен қатар, аймақ басшысы Арал қаласындағы «Арал теңізі» теміржол вокзалының құрылыс алаңына да барды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде жаңғыртылатын 124 вокзалдың қатарына былтыр сол кездегі аймақ басшысы Нұрлыбек Машбекұлының ұсынысымен облыстағы барлық ескі вокзалдар (оның ішінде Төретам, Сексеуіл вокзалдары мен Талап бекетінің платформасы) енгізілген болатын.
«Арал теңізі» вокзалының құрылысына 1,5 млрд теңге бөлінген, бас мердігері – «Техоснастка-Ремсервис» ЖШС. Жаңа ғимараттың ауданы 459,47 шаршы метрді құрайды. Қазір мұнда 25 жұмысшы металл конструкцияларын монтаждау мен қасбетін қаптау жұмыстарын жүргізуде. Әкім нысанды аралау барысында құрылысты белгіленген мерзімде сапалы аяқтауды тапсырды.
Абай ауылына таза ауызсу жеткізілді
Арал ауданы үшін ең қуанышты сәттің бірі – Абай елді мекеніне орталықтандырылған ауызсу жүйесінің қосылуы болды. Ерекше атап өтерлігі, бұл жоба Мемлекет басшысының тапсырмасымен мемлекетке қайтарылған активтердің қаражаты есептен 8 млрд теңгеден астам қаржыға жүзеге асты.
Қуанышты шарада сөз сөйлеген облыс әкімі аймақтың бюджеттік әлеуетіне тоқталды:
– Мемлекет басшысының, Үкіметтің қолдауымен, Нұрлыбек Машбекұлының тиімді ұйымдастыруымен облыс бюджеті 809 млрд теңгеге жетіп, 2021 жылмен салыстырғанда 2 есе ұлғайды.
Даму бюджеті соңғы 4 жылда 4,3 есеге артты. Бұл қаражат аймағымыздың ең өзекті мәселелерін шешуге, ауқымды инфрақұрылымдық жобаларды іске асыруға, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталды.
Бүгінде облыс тұрғындары 100 пайыз орталықтандырылған сапалы ауызсумен қамтылған. Жыл соңына дейін 10 елді мекенді газдандырып, халықты көгілдір отынмен қамту деңгейін 85 пайызға жеткіземіз.
Таза ауызсу ауылдықтардың тұрмыс сапасына, әлеуметтік жағдайын жақсартуға оң әсер етеді деп сенеміз. Бүгінгі игілік барша отбасына бақыт пен шаттық әкелсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Шарада қоғам қайраткері Имамадин Оңғарбаев сөз сөйлеп, ел ағасы Иманбай Әйтімов ақ батасын берді.
Ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына елеулі үлес қосқан азаматтар мен ауылға ауызсу тартқан мердігер мекеме қызметкерлері облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды.
Бүгінде Абай елді мекеніне дейінгі 51 шақырым және елді мекенішілік 32,9 шақырым ауызсу желісі тартылып, 297 су құдығы орнатылды. Сонымен қатар, әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлерге су апару үшін 400 шығару нүктесі монтаждалды. Енді Абай елді мекенінің тұрғындары сапалы ауызсумен тұрақты қамтамасыз етіледі.
Шижағадағы жаңа спорт кешені
Сапардың қорытынды аккорды Шижаға елді мекенінде «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған заманауи денешынықтыру-сауықтыру кешенінің ашылуымен тұйықталды. Бұл өңірде 2022-2026 жылдары бой көтерген 200-ден астам әлеуметтік нысанның ішіндегі 25-ші спорт нысаны болып табылады.
Аймақ басшысы тұрғындарды құттықтап, спорт саласындағы жетістіктерді атап өтті.
– Президентіміз Үкімет пен облыс әкімдеріне мемлекет қолдауын тиімді, мақсатты пайдаланып, ауыл халқының табысын арттыру міндетін қойды. Бүгінде Арал ауданында серпінді жобалар сәтті жүзеге асуда.
Күні кеше Аманөткел ауылындағы 150 орындық мәдениет үйінің жаңа ғимаратын ел игілігіне табыстадық.
Бүгін Сексеуіл кентінде «Қазақстан Темір жолы» ұлттық компаниясының демеушілігімен 1 млрд теңгеге салынатын «Оқушылар үйі» мен «Өнер мектебінің» іргетасын қаладық.
Сонымен қатар, Абай елді мекенін орталықтандырылған сапалы ауызсуға қосамыз. Осындай игі істердің жалғасы ретінде Өздеріңізбен бірге «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында салынған Шижаға ауылындағы денешынықтыру-сауықтыру кешенін табыстаймыз.
Жаңа спорт кешені дені сау ұлт қалыптастыруға қызмет етіп, осы жерден әлемдік ареналарда Қазақстанның көк Туын көкте желбірететін чемпиондар шығады деп сенеміз, – деді Мұрат Нәлқожаұлы.
Өңірде бұған дейін де Президент қолдауымен Қызылорда қаласында 11 мың орындық стадион, «Теннис орталығы» және инклюзивті спорт кешені ашылған болатын. Сондай-ақ, «Қазақстан халқына» қорының қолдауымен Шиелі мен Жалағаш аудандарында спорт нысандары, жергілікті кәсіпкерлер есебінен 80 спорт-ойын алаңы ел игілігіне берілді. Бүгінде облыс орталығында «Қызылорда Арена» көпбейінді спорт кешені мен «Қайсар» ФК академиясы бой көтеруде.
Шижағадағы нысанның ашылуында қоғам қайраткері Айтбай Көшербай құттықтау сөз сөйлесе, Аққұм ауылдық округі ардагерлер кеңесінің төрағасы Бақытжан Сматуллаев ақ батасын берді. Құрылысты сапалы жүргізген азаматтар аймақ басшысының марапатына ие болды.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаевтың Арал ауданына жасаған бұл іссапары Сыр өңіріндегі «алқалы істердің» нақты нәтижесін көрсетті. Руханият, инфрақұрылым, спорт және әлеуметтік саланың теңдессіз дамуы – мемлекет пен халық бірлігінің жарқын айғағы.
«Толқын» ақпарат










